AMANAT партиясының қызметкері жас қыздарды алаяқтық іске араластырды?

AMANAT партиясының қызметкері жас қыздарды алаяқтық іске араластырды, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Шымкентте дипломын жаңа алған жас қыздар алаяқтардың арбауына түсіп, әрқайсысының атына ИП арқылы 400 миллион теңгеге дейін заңсыз ақша айналымы жасалған. Бұл туралы заңгер Сардар Әбдіжақия мәлімдеді.
Оның айтуынша, күдіктілер бізге көмек қажет деп, қыздардың сеніміне кіріп, олардың атына жеке кәсіпкерлік ИП шот аштырған. Кейін сол кәсіпкерлік арқылы ірі көлемдегі қаржылық операциялар жүргізіліп, қазір жас түлектер қылмыстық іске серіктес(соучастник) ретінде тартылып отыр. Олардың кейбіріне тіпті түрмеге қамаймыз деген қорқыту жасалған.
Заңгердің айтуынша, бұл іске қатысы бар азаматтардың бірі – AMANAT партиясының қызметкері. Әбдіжақия осыған байланысты 22 шілдеде партияның өкілдеріне барып, араша сұрағанын да жасырмады. Бірақ мәселенің мән-жайын түсіндірудің орнына, партия тарапынан басқа ақпарат таратылғанын айтып, ренішін білдірді.
Сардар Әбдіжақия бұл жағдайдың соңы ауыр салдарға ұласуы мүмкін екенін айтып, қоғамды үнсіз қалмауға шақырды. Оның айтуынша, әр қыздың атына аударылған 400 миллион теңге салықтарымен бірге енді өздеріне «найза болып қадалуы» мүмкін.
– Жас қыздардың сеніміне кіріп, оларды алдап, кейіннен соттатып жіберемін деп қорқытып жүрген жандар жазаланса деген үміттемін, – дейді заңгер.
Алдағы күндері бұл мәселеге қатысты жаңа мәліметтер жарияланады деп күтілуде. Заңгердің сөзінше, жаға ұстататын жаңалықтар әлі алда.
Соңғы жаңалықтар





