Әнші Анатолий Цой шаңырақ көтерді
MBAND тобының экс-солисі әрі көпшілікке TSOY лақап атымен танымал қазақстандық әнші Анатолий Цой жеке өміріндегі елеулі жаңалығымен тыңдармандарын қуантты. Шоу-бизнес жұлдызы сүйіктісімен шіркеуде неке қию рәсімін өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
36 жастағы әнші өзінің жеке өмірін көпшілік көзінен әрдайым жырақ ұстауға тырысатын. Бұл жолы да ол дәстүрінен танбай, үйлену тойы мен шіркеудегі неке қию рәсімін жабық форматта, тек жақындарының арасында өткізген. Желіге таралған суреттерде әншінің сүйіктісінің жүзі жасырылған.
Ғашығының аты-жөні мен олардың қалай танысқаны туралы ақпаратты әртіс әлі де құпия ұстап отыр. Желі қолданушыларының басым бөлігі жас жұбайларды құттықтаса, арасында мұның жаңа бейнебаян түсірілімі екенін жазып жатқандар да бар.
Еске сала кетейік, Анатолий Цой Талдықорған өңірінде дүниеге келіп, кейіннен Алматыда өнер жолын бастаған. «Хочу к Меладзе» жобасында жеңіске жетіп, ТМД көлеміне танымал MBAND тобының мүшесі атанды. 2020 жылы топ тарағаннан кейін ол TSOY атымен жеке өнер көрсетіп, «Маска» шоуында да жеңіске жеткен болатын.
Соңғы жаңалықтар