Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты прокуратура маңызды мәлімет берді
Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева Алматы қаласында стационарлық кешенді психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Атырау облысының прокуратурасы Ақ Жайық басылымына хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, сараптама қорытындысы бойынша мамандар Ақбаян Мұқанғалиеваға динамикалық бақылау мен қосымша диагностикалық тексерулер қажет деген шешім шығарған.
«Алматы қаласында жүргізілген стационарлық кешенді сот-психологиялық және сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиева динамикалық бақылау мен дифференциалды диагностикадан өтуі қажет», – делінген прокуратура жауабында.
Сондай-ақ прокуратура оның процессуалдық мәртебесіне қатысты ақпарат берді. Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылғы 27 сәуірде Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша қозғалған іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Алайда оған қатысты тергеу толық аяқталған жоқ. Негізгі қылмыстық істен Қылмыстық кодекстің 434-бабы – «Қылмыс туралы хабарламау» белгісі бойынша жеке іс бөлініп шығарылған.
Прокуратура қазіргі уақытта Мұқанғалиеваның әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға берілмегенін атап өтті. Оған қатысты қандай да бір бұлтартпау шарасы қолданылмаған.
Ведомство мәліметінше, тергеу органдары істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті зерттеу үшін қажетті шараларды жүргізіп жатыр. Тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады.
Еске салсақ, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы жұбайының төрт туысын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты іс қаралуда. Сот барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның есімі қайғылы оқиғаға дейінгі және одан кейінгі жағдайларға байланысты бірнеше рет аталған болатын.
Соңғы жаңалықтар