55 оқушы ауруханада: Алматыдағы жаппай улануға қатысты жаңа деректер шықты

55 оқушы ауруханада: Алматыдағы жаппай улануға қатысты жаңа деректер шықты
Фото: Exclusive.kz

Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 55 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Politico.kz.

Балалардың жаппай сырқаттануына қатысты жаңа деректер белгілі болды.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқушылар 12-15 қазан аралығында қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасына жеткізілген. Қазір олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында. Балалардың жағдайы тұрақты, денсаулығында нашарлау байқалмаған.

Мамандардың айтуынша, науқастардың барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Әзірге реанимациялық көмек қажет болған жағдай тіркелмеген.

Осы оқиғадан кейін санитариялық дәрігерлер мектеп асханасын тексерген. Оқушыларды тамақтандыруға жауапты «Master Food» ЖШС қызметінде азық-түлікті сақтау және тағам дайындау талаптарының бұзылғаны анықталған. Сонымен қатар сүт өнімдерінің бір бөлігінде қажетті құжаттар болмаған. Аталған өнімдерді айналымнан алып тастау туралы шешім қабылданған.

Дегенмен оқушылардың жаппай сырқаттануына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Мамандар зертханалық талдау үшін азық-түлік пен судан сынама алып, асханадағы түрлі беттерден шайынды жинаған. Сондай-ақ асхана қызметкерлері де тексеріліп жатыр.

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеуді Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.

Тексеру жұмыстары аяқталып, балалардың жаппай сырқаттану себебі анықталғанға дейін оқушылар қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий