"Ақша екі тәулікте жиналды": Шымкентте анасынан айырылған 7 бала үйлі болды

22.03.2025 14:04
0
71
orda.kz

Анасы 3-қабаттан құлап, белгісіз жағдайда қайтыс болғаннан кейін баспанасыз қалған жеті балаға жаңа үй бұйырды. Бұл жайында журналист Гүлмира Әбікей өз парақшасында бөлісті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Ораза – тек ауыз бекітетін емес, жүрекке жылулық сыйлайтын, мейірімділік пен қайырымдылықты көрсететін қасиетті ай екенін айтқан журналист бұл оқиғаны сол ізгі амалдардың біріне балап отыр. Екі апта бұрын күтпеген жерден панасыз қалған жеті бала қоғамнан көмек сұрап, хабарласқан. Олардың анасы 3-қабаттан құлап көз жұмып, әкесі күдікке ілініп, қамауға алынған. Осылайша, үлкені 20, кенжесі 2 жастағы балалар ауыр тағдырдың тәлкегіне түсті. Кәмелетке толмаған бес бала мемлекет қамқорлығына өткен.

Әлеуметтік желіде бұл жағдай жария болғаннан кейін халық бірден әрекетке көшті. Бар болғаны екі күн ішінде қажетті қаражат жиналып, Шымкент қаласының орталығынан үш бөлмелі пәтер сатып алынды. Пәтер үлкен әпкесінің атына рәсімделіп, ол бес бауырын қамқорлығына ала алатын мүмкіндікке ие болды. Жаңа үй қолайлы ауданда орналасқан – маңайында алты мектеп пен төрт балабақша бар. Бұл балалардың білім алып, қалыпты өмірге бейімделуіне үлкен жағдай жасайды. Шымкент қаласының білім басқармасы олардың мектеп пен балабақшаға орналасуын жіті назарда ұстап отыр. Сонымен қатар, балалар 40-тан астам үйірмеге тегін қатыса алады.

Отбасының үлкен қыздары да бала күнінен еңбекке араласқан. Бірі – даяшы, екіншісі – тігінші болып жұмыс істейді. Жомарт жандар да көмек қолын созып, Жандос есімді азамат балалардың жаңа үйге көшуіне атсалысып, бір жыл бойы тегін электр және сантехникалық қызмет көрсетуді ұсынды. Қайырымды оқырмандар балаларды киім-кешекпен толық қамтамасыз етті.

Бұл оқиға – халықтың бірлігін, мейірімділігін және қиын сәтте біріге білетін қасиетін көрсеткен тағы бір үлгілі мысал. Жетімін жылатпаған елдің арқасында жеті балаға үміт оты қайта жанды. Анасы өмірден озса да, оның рухы балаларына қорған болып, жандарынан табыла берсін деген тілектер айтылды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий