«Ақшаның бәрі жанып кеткен»: Қарағандыда инкассатор көлігі өртеніп, бір адам көз жұмды
Қарағанды облысында ауыр жол апаты орын алып, инкассаторлық көлік толығымен өртенді. Салонда болған 3 миллион теңгеден астам қаржы да, көлік те жанып кетті. Оқиға кезінде Lada Largus көлігінің 28 жастағы жүргізушісі қаза тапты, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Полицияның мәліметінше, апатқа Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі себепкер болған. Ол мас күйде көлік басқарған және бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған. Camry жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып, инкассатор көлігіне соқтығысқан. Қақтығыстан кейін Lada бірден өртеніп кеткен.
Апат салдарынан тағы екі адам жарақат алды — Largus-тың 36 жастағы жолаушысы мен Toyota-ның 41 жастағы жүргізушісі. Екеуі де ауруханаға жеткізілді.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Camry жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Соңғы жаңалықтар