Ақтауда күні кеше «Сені зорлаймын» деп бойжеткенге сес көрсеткен ер адамға үкім шықты 

04.08.2026 10:44 Әсел МҰРАТ
Ақтауда күні кеше «Сені зорлаймын» деп бойжеткенге сес көрсеткен ер адамға үкім шықты 
263
Фото: видеодан скрин

Ақтауда жағалауда қызға сес көрсеткен ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 30 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі мәлімдегендей, қалалық жағалауда қызға сес көрсеткен ер адамның ісі қаралған.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындаған.

«Құқық бұзушының кінәсі полиция қызметкерінің рапорттары, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама, №9649 медициналық куәландыру қорытындысы және оқиға орнынан түсірілген бейнежазба арқылы толық дәлелденді», – деп хабарлады сот.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 2-бөлігіне (ұсақ бұзақылық) сәйкес, құқық бұзушыға 60-тан 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, оған 30 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда ер адамның бойжеткенді күштеп ұстап тұрғаны, ал қыздың оның қолынан босап шығуға тырысқаны көрінеді. Оқиға куәгерлері араласып, жанжалдың ушығуына жол бермеген. Тағы бір видеода ер адамның бойжеткенге «Сені зорлаймын» деп қоқан-лоқы көрсеткені естіледі.

Кейін Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын хабарлады. Ведомство мәліметінше, жанжалға екі ер адам мен бір қыз қатысқан. Ер адамдардың біріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Войдите, чтобы оставить комментарий