Ақтауда Қазақтелеком қызметкерлерінің үлкен спартакиадасы өтті
Ақтауда еліміздің түкпір-түкпірінен 430-дан астам қызметкер жиналған Қазақтелеком АҚ-ның дәстүрлі ХІ Спартакиадасы мәресіне жетті, деп хабарлайды Politico.kz.
Мамыр және маусым айларында өткен өңірлік іріктеу кезеңінен сүрінбей шыққан мықтылар Каспий жағалауында екі күн бойы командалық және жеке спорт түрлерінен өзара кім жүйрікті анықтады.
Бұл шараның жай ғана жарыс емес, аймағы мен мамандығына қарамастан барлық қызметкерлерді біріктіретін маңызды корпоративтік дәстүр екенін айтқан Қазақтелеком АҚ Бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов ұжымдық рухтың маңызына тоқталды.
«Спорт бізді ортақ нәтижеге жұмыс істеуге, бір-бірімізге қолдау көрсетуге және алға қойған мақсаттарға жетуге үйретеді. Дәл осы қасиеттер бізге спорт алаңдарында да, күнделікті жұмыста да көмектеседі. Биылғы Спартакиада барлық қатысушыларға жарқын эмоциялар, жаңа таныстықтар сыйлап, Қазақтелекомның күші оның адамдарында екендігінің тағы бір дәлелі болатынына сенімдімін», – деді Ержан Мейрамов.
Биылғы бағдарламаға баскетбол, футзал, волейбол, жүзу, шахмат, теннис, киберспорт, қол күресі және садақ атумен қатар бірқатар ұлттық спорт түрлері енді. Жарыс қорытындысы бойынша Шығыс өңірі баскетболдан үздік шықса, Алматы командасы ерлер арасындағы волейбол, киберспорт және арқан тартудан топ жарды. Ал Орталық өңір әйелдер арасындағы волейбол мен футзалдан жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек ондаған қызметкер жекелей сында алтын, күміс және қола медальдарды қанжығасына байлады.
Жабылу салтанатында арнайы жеребе тартылып, 2027 жылғы кезекті ХІІ Спартакиаданы өткізу құқығы Солтүстік өңірге бұйырды. Ал биылғы жарыстың жеңімпаздары 2026 жылғы 8-10 тамыз аралығында Астанада өтетін Самұрық-Қазына АҚ компаниялар тобының ХІ Спартакиадасында бақ сынап, ұлттық компанияның намысын қорғайтын болады.
Соңғы жаңалықтар