Санжар Боқаевты үйқамаққа жібермеді: сотта тағы не болды?

Санжар Боқаевты үйқамаққа жібермеді: сотта тағы не болды?
Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Санжар Боқаев пен қоғам белсендісі Мадияр Қалменовтің бұлтартпау шарасын өзгерту туралы қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырмады. Ал олардың ісі бойынша тағы бір сотталушы – видеограф Ұлан Нүсіпқожа денсаулық жағдайына байланысты үйқамаққа жіберілді, деп хабарлайды Politico.kz vlast.kz сайтына сілтеме жасап.

Бейсенбі күні өткен сот отырысында судья Жанат Әбенова сотталушылардың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініштерін қарады. Қорғаушылар олардың бұрын сотталмағанын, соттан жалтармайтынын, отбасылары бар екенін және аса ауыр қылмыс жасамағанын алға тартқан.

Алайда судья бұл уәждерді жеткіліксіз деп тауып, Боқаев пен Қалменовке қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, сотталушылар процеске қатысушыларға ықпал етуі мүмкін.

Ұлан Нүсіпқожаның денсаулық жағдайын ескере отырып, оған қатысты бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды.

Қорғаушылар судьяға қарсылық білдірді

Сот отырысында қорғау тарапы судья Жанат Әбеноваға қарсылық білдіру туралы өтініш те берді. Адвокаттар мұны конвой қызметкерлерінің сотталушылардың орындарын ауыстыруымен және Ұлан Нүсіпқожаның бұрынғы адвокаты Сергей Кимнің процеске қатысуын тоқтату жағдайымен байланыстырды.

Қорғаушылардың пікірінше, Нүсіпқожаға жаңа адвокат Мәди Әукенов қысым көрсету арқылы таңылған болуы мүмкін. Адвокат Артем Асқаров Нүсіпқожаның жұбайы мен туыстары жаңа қорғаушыны танымайтынын айтып, оның тергеу изоляторына қалай кіргеніне күмән келтірді.

Алайда Нүсіпқожаның өзі жаңа адвокатты қолдайтынын және онымен келісімшартты өз еркімен жасағанын мәлімдеді.

Санжар Боқаев та бұл жағдайға қатысты сұрақтар қойды. Оның айтуынша, тергеу изоляторында адвокаттарға қоңырау шалуға мүмкіндік болмаған. Осыған байланысты ол жаңа қорғаушының Нүсіпқожамен қалай байланыс орнатып, келісімшарт жасағанын түсіндіруді сұрады.

Судья өтінішті қанағаттандырмады. Сот судья Жанат Әбенованың істің нәтижесіне тікелей немесе жанама түрде мүдделі екенін көрсететін жеткілікті негіз анықталмағанын мәлімдеді.

Бұған дейін де қорғау тарапы судьяға қарсылық білдірген еді. Ол кезде адвокат Мадияр Қалменовтің қорғаушысы Айман Омарованы сот отырысына бейнебайланыс арқылы қоспау мәселесі көтерілген. Алайда бұл өтініш те қабылданбады.

Қалменов қорғаушыларын ауыстыруды сұрады

Сот отырысының басында сотталушылар қорғаушылар құрамын өзгерту туралы өтініштер берген.

Ұлан Нүсіпқожа адвокат Сергей Кимнің қызметінен бас тартып, оның орнына басқа қорғаушы шақырған. Бұл шешімнің ерікті түрде қабылданғанына қатысты өзге адвокаттар күмән келтірді.

Ал Мадияр Қалменов адвокат Айман Омарова сот отырысына онлайн форматта қосылмағандықтан, одан бас тартып, оның орнына Әлия Шәріпбаеваны шақырған. Ол қорғауды Ғалымжан Жолдасбаевпен бірге жүргізуі тиіс болған.

Алайда үзілістен кейін Қалменов Шәріпбаевадан да бас тартып, Айман Омарованы бейнебайланыс арқылы сот отырысына қосуды қайта талап еткен. Судья бұл талапты орындаудан бас тартып, процестің офлайн форматта өтіп жатқанын алға тартқан.

Сонымен қатар қорғау тарапы прокурорға қарсылық білдіру туралы өтініш берген. Бірақ сот бұл өтінішті де қанағаттандырмады.
 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу