Ақтөбеде ер адам бұрынғы әйелі мен енесін аяусыз соққыға жықты

Ақтөбеде ер адам бұрынғы әйелі мен енесін аяусыз соққыға жықты
14.04.2025 14:07
0
49
istock

Ақтөбеде орын алған тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы қоғамда терең алаңдаушылық туғызып отыр. 34 жастағы ер адам бұрынғы жұбайы мен оның анасын қатыгездікпен ұрып-соғып, соның салдарынан 1 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ diapazon.kz сайтына сілтеме жасап.

 Үкім әлі заңды күшіне енбегенімен, сот оның кінәсін толық дәлелденген деп таныды.

Оқиға ер адамның балалары арқылы бұрынғы әйелінің жаңа қарым-қатынасы туралы білген сәтінен басталған. Қызғаныштан өрбіген ашуға бой алдырған азамат бұрынғы жұбайының үйіне келіп, әуелі оған қол көтеріп, беті мен басынан ұрып, еденге құлатқан соң тепкілей бастаған. Дәл сол кезде бөлмеге әйелінің анасы кіріп келеді. Ашуын тия алмаған ер адам енді қарияға шабуыл жасап, шашынан тартып еденге құлатып, тізесімен кеудесіне басып, басынан бірнеше рет тепкен. Салдарынан қарт ана жабық бас-сүйек-ми жарақатын, ми шайқалуын, қабырғаның сынуын және кеуде тұсының жарақатын алған. Ол есін тек ауруханада жиған.

Сот барысында айыпталушы жағдайды өзінше түсіндіруге тырысты. Ол бұрынғы әйелімен қайта қосылғысы келгенін, алайда оның анасымен қарым-қатынасты үзуді талап еткенін айтқан. Сондай-ақ, жанжал кезінде енесі оған қол көтергенін, ал өзі оған қарсы күш қолдануға мәжбүр болғанын жеткізді. Алайда бұл уәждерді жәбірленуші тарап толық жоққа шығарды. Әйелдің айтуынша, ер адам оны бірнеше мәрте соққыға жыққан, кейін анасын да аяусыз ұрған. Ол тіпті пышақ іздеп, «жоямын» деп айқайлаған. Абырой болғанда, әйел үйдегі өткір заттардың барлығын алдын ала тығып қойған екен.

Сотта жәбірленуші бұрынғы күйеуінің тарапынан бірнеше рет қорқыту, балағат сөздер мен өлтіремін деген нақты қауіптер болғанын дәлелдейтін хат алмасуларды да ұсынды. Ал қарт ана ауруханадан бір-ақ шыққанын, қатты ауырсыну сезімі мен үрейдің әлі де басылмағанын айтты. Екеуі де ер адамның бостандықта қалуы өз өмірлеріне қауіп төндіретінін мәлімдеді.

Нәтижесінде, сот ер адамды «денсаулыққа орташа және жеңіл дәрежеде қасақана зиян келтіру» баптары бойынша кінәлі деп тауып, қауіпсіздігі төмен мекемеде 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл оқиға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес пен заң алдындағы жауапкершілік мәселесін күн тәртібіне қайта алып келіп отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий