"Денесін мұздатқышқа жасырған". Ақтөбеде дәрігер Абай Айсағалиевтің өліміне қатысты сот отырысы басталды

11.09.2025 17:03
0
536
Абай Айсағалиев

Ақтөбеде белгілі дәрігер Абай Айсағалиевті өлтірді деп айыпталған күдіктінің соты басталды. Алдын ала сот отырысында прокурор қылмыстың жантүршігерлік мән-жайын жария етті, деп хабарлайды Диапазон басылымы.

Ақтөбеге танымал дәрігер-нефролог Абай Айсағалиев осы жылдың мамыр айында жоғалып кеткен болатын. Еріктілер мен полицейлер іздеу салғанда, оның 23 мамырда үйінен шығып кеткені ғана белгілі еді. Ал 31 мамырда полиция департаменті дәрігердің өлі табылғанын, ал оны өлтірді деген күдікпен 31 жастағы ақтөбеліктің ұсталғанын хабарлады.

Бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта осы кісі өлтіру ісі бойынша сот процесі басталды. Алдын ала сот отырысында мемлекеттік айыптаушы қылмыстың жантүршігерлік мән-жайын баяндады.

Белгілі болғандай, 31 жастағы айыпталушы Нұрсұлтан Ш. диализ орталығында жұмыс істеп, Абай Айсағалиевпен жақсы таныс болған. Оның жалғыз тұратынын, банкте ірі көлемде ақшасы барын білген. Араларындағы сенімді қарым-қатынастың арқасында нефролог одан планшетіне банктік мобильді қосымшаларды жүктеуге көмек сұраған. Осылайша, сотталушы болашақ құрбанының ақшасы туралы барлық ақпаратты, ПИН-кодтар мен парольдерді біліп алған. 19 мамырда ол Абай Айсағалиевтің Астанаға көзіне ота жасатуға баратынын естіген.

24 мамырда дәрігер Ақтөбеге оралған, ал сол күні түн ортасында (25 мамырға қараған түні) күдікті оның үйіне келген. Ештеңеден сезіктенбеген пәтер иесі қонақты үйге кіргізген. Осыдан кейін ең сұмдық оқиға болған: сотталушы ас үйде Абай Айсағалиевті үш рет пышақтап, ол құлаған кезде басынан тағы екі рет балтамен ұрған. Марқұм қайтыс болғаннан кейін, оның қол-аяғын байлап, басына пакет кигізіп, денесін мұздатқыш камераға салған да, есігін скотчпен мықтап орап тастаған. Осыдан кейін ол марқұмның телефонын, планшетін, ноутбугын және банк картасын сөмкесіне салып, пәтерден шығып кеткен.

Кейін ол марқұмның есепшотынан бірнеше рет ақша шешкен. Банкоматтарға ол интернеттен сатып алған силикон маскасын киіп барған. 27 мамырда хабарландыру сайты арқылы жүк таситын ГАЗель жалдап, мұздатқыш камераны №8 гараж кооперативіне апаруды сұраған. Ештеңеден күдіктенбеген жүргізуші мен жүк тиеушілерге мұздатқышта ет бар екенін айтқан. Біраз уақыттан кейін ол басқа жүк көлігін жалдап, мұздатқышты ішіндегі денесімен бірге Кереев көшесі, 4-үйге тасымалдаған.

Тергеу анықтағандай, ол марқұмның есепшотынан барлығы 5 миллион 268 мың теңге шешіп алған, ал ұрланған мүлікті есептегенде, жалпы шығын 7 миллион 234 мың теңгені құрады.

Алдын ала сот отырысында сотталушы пайдакүнемдік ниеті болмағанын айтып, айыпты жеңілдетуді және істі алқабилер сотының қарауын сұрады.

«Менің әрекетімде ешқандай пайдакүнемдік ниет болған жоқ, мен ауқатты, өзін-өзі қамтамасыз ететін адаммын. Кісі өлтіру абайсызда болды. Менің іс-әрекетімді ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша саралау керек деп санаймын (оған ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі, 8-тармағы және 188-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр). Сот тергеуін алқабилердің қатысуымен өткізуді сұраймын. Сондай-ақ, марқұмның туыстарынан кешірім сұрағым келеді. Шын жүректен өкінемін, кінәмді мойындаймын», – деді сотталушы.

Сот отырысына журналистер қатысты, бірақ сотталушы өз бет-әлпетін түсіруге тыйым салды. Адвокаттардан бөлек, сотталушының анасы оның қоғамдық қорғаушысы ретінде қатысуда.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий