Президент Әкімшілігінде ауыс-түйіс
Қазақстан Президентінің Әкімшілігінде кадрлық өзгеріс болды. Мемлекет басшысының өкімімен Ержан Сейітқұлов Ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақорданың хабарлауынша, оның орнына Нұрболат Азаматұлы Мағзұмов тағайындалды. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы қол қойды.
Қызметінен босатылған Ержан Нұраханұлы Сейітқұлов 1979 жылғы 4 сәуірде Алматы облысының Қарақастек ауылында дүниеге келген.
2001 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика және математика факультетін бітірген. Нью-Йорк штаты университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. Ақпаратты қорғау әдістері мен жүйелері және ақпараттық қауіпсіздік саласында маманданған.
2006 жылы «Есептеу жүйелерін пайдалану кезіндегі ақпаратты қорғаудың математикалық әдістері» тақырыбында ғылыми жұмыс қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты атанған. Информатика, есептеу техникасы және басқару саласының қауымдастырылған профессоры.
Еңбек жолын 2002 жылы Астанадағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалында математика пәнінің оқытушысы болып бастаған. Бұл қызметте 2007 жылға дейін жұмыс істеген.
2007 жылдан 2011 жылға дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінде аға оқытушы, доцент және деканның ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болған.
2012 жылдан 2022 жылға дейін осы университеттің Ақпараттық қауіпсіздік және криптология ғылыми-зерттеу институтын басқарған.
2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың қарашасына дейін Президент Іс басқармасының «Инженерлік-техникалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқарған.
2023 жылдың қарашасында Президент Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды.
Сол жылғы 4 желтоқсанда аталған бөлімнің меңгерушісі қызметіне көтерілді. 2024 жылғы 1 тамыздан бастап Президент Әкімшілігінің Ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімін басқарды.
Ержан Сейітқұлов 2006 жылы Қазақстан Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алған. 2022 жылы Президенттің алғыс хатымен марапатталған.
Соңғы жаңалықтар