«Аралас мектептің қазақ тілді мұғалімдерінің көпшілігі жалтақ келеді»: Қоғам белсендісі аралас мектептегі бар шындықты айтты

Қоғам белсендісі Аида Бұқаева аралас меетептердің қаупі туралы сөз қозғады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Аида Бұқаева Facebook парақшасында маңызды мәселені көтерді. Ол аралас мектептердегі қазақ сыныптардың саны қанша көм болғанымен, орыс тілі ұтып кете беретінін сөз етті. Қоғам белсендісінің сөзінше, Алматы мен Астананың өзінде қазақ сыныбында оқитын оқушыларының 90 пайызы дерлік бір-бірімен тек орысша сөйлеседі екен.
«Бұл өздерімен ғана қоймай, еліміздің түкпір-түкпірінен осы мегаполистерге білім іздеп, жұмыс іздеп ағылып келіп жатқан мыңдаған қазақ тілді балалардың олармен теңесеміз деп тілдерін орысшаға бұрмалауына алып келеді. Бұған дәлел ретінде таза қазақ тілді аймақтар Нарынқолдан, Кегеннен, Қызылордадан, Маңғыстаудан, Түркістаннан, т.б. келген студенттердің бірінші курста-ақ тілдерін шұбарлай бастауын айта аламын», - деп жазды ол.
Аида Бұқаева аралас мектептегі іс-шаралар да қазақ тілінде өтуі керектігіне баса назар аударды. Әрі аралас мектептегі қазақ тілді мұғалімдерінің көпшілігі жалтақ келеді екен.
«Жиналыстарда, педагогикалық кеңестерде, тіпті мектеп дәлізінің өзінде орыс тілінде еркін сөйлей алмайтындары “қазақша сөйлесем, бәрі бірдей түсінбейді. Орысша сөйлесем, бірдеңені дұрыс айтпай, ұятқа қалармын” деп, мүлдем сөйлемеуді ұйғарады да, артынан “неге бүй деп айтпадық, сөй деп айтпадық” деп күңкілдеп жүреді. Осындай жалтақ ұстаздың шәкірттері де жалтақ келеді», - деп қосты қоғам белсендісі.
Сонымен қатар елімізде орыс тілді педагог мамандар өте аз екен. Орыс сыныптарына таза орыс тілді мұғалім жетіспегендіктен, мектеп директорлары әйтеуір орысша сөйлеп жүрген қазақ сыныбының мұғалімдерін сол жаққа қарай тартады.
Әрі аралас мектептердің әкімшілігі жұмысқа қабылдау кезінде мұғалімнің өз саласын қаншалықты жетік біліп, қаншалықты жақсы ұстаз екендігінен бұрын, орысша сөйлеу деңгейі қаншалықты екеніне көбірек назар аударады екен.
Қоғам белсендісі аралас мектептердегі қазақ тілінің деңгейін көтеріп тұратын қазақ тілі мен Қазақстан тарихының мұғалімдері емес, негізінен математиктер екенін баса айтты. Қазақ тілі мұғалімдері керісінше орыс сыныптары көбірек ашылғанын қалайтын көрінеді.
«Себебі бала саны көп болмайды, оның өзін екі топқа бөліп оқытады. Сәйкесінше тексеретін жұмыс саны аз. Өзінің қара басын ғана ойлайтын қазақ тілі мамандарының тіл мәселесіне келгенде үнсіз қалатыны сондықтан. Қазақстан тарихы мұғалімдеріне үнемі сағат жетпей жүреді. Олардың арасындағы жалындысына директор артық сағат беріп, жақсылық жасап, өшіреді», - деді ол.
Ал қазақ математик жігіттер мектептегі тіл саясатын әрдайым реттеп отырады екен.
«Жиналыстар орысша кетіп бара жатса, бірден ескерту жасап отыратын да, құжаттардың, хаттардың қазақшасын жіберуін талап ететін де - математиктер. Тіл бімегендіктерінен емес, бұлардың бәрі де үш тілді, мемлекеттік тілге құрмет дегенді әрдайым бірінші орынға қоятындықтарынан. Сондықтан аралас мектептер ең бірінші математиктерінің қазақ тіліне немқұрайлы қарамайтындығына қарасын», деп қосты қоғам белсендісі.
Аида Бұқаева мектептердің аралас емес, қазақ тілді болуын талап етіп отыр. Белсенді сы жылы мемлекеттік тілдің мәртебесінің өсуіне әр мектеп үлкен үлес қосады деп үміттенуде.
Соңғы жаңалықтар





