Әйтеновтің баспасөз хатшысы болған шымкенттік блогер Арай Есенбекке үкім шықты

24.04.2026 15:40 Әсел Мұрат
Әйтеновтің баспасөз хатшысы болған шымкенттік блогер Арай Есенбекке үкім шықты
365
Фото: ашық дереккөз

Шымкенттік блогер әрі журналист Арай Есенбек бопсалау ісі бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында оңтүстік мегаполисте бұрынғы қала әкімінің баспасөз хатшысы болған жергілікті медиа маманның ұсталғаны қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. 

Қызметінен кеткеннен кейін Арай Есенбек жеке медиа жобалармен айналысып, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар арқылы табыс тауып отырған. Яғни, ол оң имидж қалыптастыратын материалдар жариялағаны үшін қаржы алған.

Алайда уақыт өте келе мемлекеттік құрылымдардан бөлінетін қаржы көлемі азайғанына байланысты блогер наразылық білдіре бастаған. Ол таныс шенеунікке бірнеше рет хабарласып, 10 миллион теңге талап еткен және талап орындалмаған жағдайда өз медиасында жағымсыз материалдар жариялайтынын мәлімдеген.

Сол кезде желіге Шымкент әкімдігі қызметкерімен болған телефон әңгімесінің аудиожазбасы тарап кеткен. Әңгіме барысында мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алу мәселесі талқыланған.

Мемлекеттік қызметкер сырттай келісім бергенімен, кейін құқық қорғау органдарына жүгінген. Ақша беру сәтінде Арай Есенбек қолға түсті. 

Іс бойынша жәбірленуші ретінде Шымкент қаласы әкімінің аппараты танылған. Сот процесі барысында жәбірленуші тараптың өкілдері болған әкімдік қызметкерлерінің екеуіне сотқа дәлелсіз себептермен келмегені үшін айыппұл салынды. Оларды мәжбүрлі түрде жеткізу туралы сот қаулысы да нәтиже бермеген. Нәтижесінде сот отырысы олардың келмеуіне байланысты үш рет кейінге шегерілді. Кейін сотқа келгенімен, олар сотты құрметтемегені үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл төледі.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Айта кетейік, Арай тек журналист қана емес, сондай-ақ AMANAT партиясында және Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметінде жұмыс істеген. Ол бұрынғы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің баспасөз хатшысы қызметін де атқарған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий