Әскеріміз ең күрделі міндеттерді орындауға қашанда дайын – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.
«Мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы айрықша мерекеде жауынгерлеріміздің ерен ерлігі, мықты рухы мен қайтпас қайсарлығы кеңінен дәріптеледі. Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қас қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн. Ел жауынгерлері мен командирлері батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, нағыз отаншылдық рухының жарқын үлгісін көрсетіп келеді», - делінген Тоқаевтың құттықтауында.
Мемлекет басшысының айтуынша, сардарлар мен сарбаздардың, барлық күштік құрылым қызметкерлерінің бітімгерлік миссиялар, арнаулы оқу-жаттығу жиындары мен түрлі халықаралық сайыстар кезіндегі кәсіби шеберлігі, темірдей тәртібі мен жауынгерлік даярлығы – соның айқын дәлелі.
«Қуатты әскеріміз ең күрделі міндеттерді орындауға қашанда дайын екені сөзсіз. Сондықтан мемлекет еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге және әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға әрдайым баса мән береді. Жаңа Конституцияда «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп жазылды. Осы аса маңызды тұжырым мемлекет пен халықтың тығыз байланысын, ел тағдырына әрбір отандасымыздың жауапты екенін аңғартады», - деп атап өтті Тоқаев.
Президент антына адал болып, табандылық танытып, мінсіз қызмет етіп жүрген Отан қорғаушыларымызға алғыс айтты.
Соңғы жаңалықтар