Астана теміржол станциясында контейнер жарылды: күдікті жүк анықталды

Астана теміржол станциясында контейнер жарылып, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Төтенше жағдай 14 ақпанға қараған түні "Астана" станциясының сұрыптау жолында болған. Полиция департаментінің мәліметінше, контейнер пойызбен жеткізілген. Жарылыс салдарынан қаза тапқандар жоқ, алайда бір адам қолынан жеңіл жарақат алды.
Қазіргі таңда "Теміржол көлігі қозғалысының немесе оны пайдалану қағидаларын бұзу" бабымен тергеу амалдары басталды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кірісті.
"Біз барлық қауіпсіздік шараларын қабылдадық. Жолаушылар мен жақын маңдағы тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ", – деп мәлімдеді көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алдын ала ақпарат бойынша, контейнер жеке компанияға тиесілі болып, ішінде электроқұрылғылар – трансформаторлар мен генераторлар болған. "Қазақстан темір жолы" компаниясы жағдайды бақылауға алғанын хабарлады.
Қазір жарылыстың себебі анықталып жатыр. Оқиғаға қатысты тергеу нәтижелері қосымша хабарланатын болады.
Соңғы жаңалықтар





