Астанада БҚО-ның бұрынғы салық басшысы 10 жылға сотталды

Астанада БҚО-ның бұрынғы салық басшысы 10 жылға сотталды
Фото: Бейнеден кадр

Ресейден Қазақстанға мыңнан астам жүк көлігін кедергісіз өткізіп беремін деп 100 миллион теңге пара алған бұрынғы шенеунік 10 жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Астана қаласының соты хабарлады.

Сот анықтағандай, 2025 жылдың қыркүйек-қазан айларында Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіндегі басқарма басшысының міндетін атқарған Р. Ресей азаматының жүк көліктерін шекарадан кедергісіз өткізуге келіскен.

Ол 100 миллион теңге үшін Ресейден келетін 1003 жүк көлігінің Қазақстанға өтуіне көмектескен. Сондай-ақ пара берген азаматқа өзіне тиесілі компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілгені туралы мәлімет беріп, қойылған шектеулерді айналып өту жолдарын түсіндірген.

Ал К. есімді азамат параны жеткізуге делдал болып, қызметі үшін 24,8 миллион теңге алған.

4 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екеуіне үкім шығарды.

Бұрынғы шенеунік Р. аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал делдал К. 1 жыл 6 айға сотталды. Екеуінің де мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сот жаза тағайындағанда екеуінің де кәмелетке толмаған балалары барын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ал бұрынғы шенеуніктің антты бұзып қылмыс жасауы жазаны ауырлататын жағдай ретінде ескерілді.

Бұған қоса, қылмыстық жолмен алынған ақша мемлекет кірісіне тәркіленіп, сотталғандардан заңсыз алынған қаражатты өндіріп алу туралы шешім қабылданды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, биыл қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті шенеунік пен астаналық азаматтың ұсталғаны және пара алу сәті түсірілген жедел бейнені жариялаған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу