«Анненск» шахтасының тұрмыстық кешені жаңа кейіпке енді

«Анненск» шахтасының тұрмыстық кешені жаңа кейіпке енді
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Жезқазғандағы «Анненск» шахтасының жұмысшылары енді жаңартылған ғимаратты пайдаланады. Мұнда 68 бөлме жөнделіп, жуынатын орындар жаңартылған. Тіпті ғимарат ішінде кофехана да ашылған, деп хабарлайды Politico.kz «Қазақмыс» корпорациясына сілтемемен.

Шығыс Жезқазған кенішіне қарасты шахтаның әкімшілік-тұрмыстық кешенінде жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Компания мәліметінше, 68 кабинеттің қабырғалары, төбелері, есіктері мен едендері жаңартылған. Ал жұмысшылар күнделікті пайдаланатын жуынатын және санитарлық-тұрмыстық бөлмелер күрделі жөндеуден өткен.

Ғимараттың ішкі көрінісі де өзгерген. Қабырғаларға «Алаш» қозғалысының қайраткерлері, қазақ ағартушылары, ғалымдары, ақын-жазушыларының портреттері ілінген. Кіреберіске шахта қызметкерлерінің өз қолымен жасаған мемлекеттік рәміздер бұрышы орнатылған. Бірінші қабатта кофехана ашылған.

Кешеннің айналасы да абаттандырылған. Ағаштар мен гүлдер отырғызылып, субұрқақ салынған. Сондай-ақ аулада бұрғылау машинасына арналған ескерткіш пайда болған.

«Қазақмыстың» хабарлауынша, бұл жұмыстар компанияның өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды жаңарту бағдарламасы аясында жүргізілген. Бағдарлама жұмысшылардың еңбек етуіне, демалуына және тұрмыстық қажеттіліктеріне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жаңарту жұмыстары тек «Анненск» шахтасымен шектелмейді. Қаныш Сәтбаев атындағы Жезқазған тау-кен өндірісі бірлестігінде бағдарламаға 38 нысан енгізілген. Оңтүстік және Батыс Жезқазған кеніштерінде, «Жомарт» кенішінде, Жезқазған байыту фабрикасында және Мамандандырылған энергия-жөндеу басқармасында да жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Корпорацияның мәліметінше, 2026 жылы Жезқазған, Балқаш, Қарағанды өңірлері мен Шатыркөл өндірістік алаңындағы 80-нен астам әлеуметтік-тұрмыстық нысанды жөндеуге 2,44 миллиард теңге қарастырылған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу