Астанада 7 жастағы бала терезеден құлап қайтыс болды
Астанада көпқабатты тұрғын үйдің 13-қабатындағы пәтердің терезесінен құлаған жеті жасар бала оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы жағдай Бауыржан Момышұлы даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде баланың анасы үйде болған. Бала қонақ бөлмедегі терезеден абайсызда құлап кеткен.
Оқиғаға байланысты тиісті органдар мән-жайды анықтап жатыр.
Осы жағдайдан кейін полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды. Мамандар кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, терезе маңына бала шыға алатын жиһаздарды қоймауға және терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін орнатуға кеңес береді.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары масаға қарсы орнатылатын торлардың қорғаныс құралы емес екенін еске салды. Олар баланың салмағын көтеруге арналмағандықтан, тірелген жағдайда босап немесе сынып кетуі мүмкін.
Соңғы жаңалықтар