Астанада автобус терезесін ұрып, жүргізушіні балағаттаған ер адам жазаланды
Астанада Hyundai автокөлігінің жүргізушісі автобус жолағына тоқтап, қоғамдық көлік қозғалысына кедергі келтірген, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол автобус жүргізушісімен жанжалдасып, көлік терезесін бірнеше рет ұрып, балағат сөздер айтқан. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті хабарлады.
Құқық бұзушы Алматы облысының 27 жастағы тумасы болып шықты. Оған қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Сонымен қатар тексеру барысында оның көлік басқару құқығы қарыз міндеттемелерін орындамауына байланысты уақытша тоқтатылғанына қарамастан, рөлге отырғаны анықталды.
Бұдан бөлек, жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны белгілі болды. Атап айтқанда, ол көлік қозғалысына қасақана кедергі келтіріп, тоқтау ережелерін сақтамаған. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша да ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Соңғы жаңалықтар