Астанада боди-массаждан 2 млрд теңге тапқан кәсіпкер сотталды
Астанада боди-массаж арқылы 2 миллиард теңге тапқан кәсіпкер әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
2021–2023 жылдары ол эротикалық массаж қызметтерін көрсеткен салонды басқарып, заңсыз табыс тапқан. Агенттіктің мәліметінше, 88,5 миллион теңгені заңдастыру мақсатында ол ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта сату бойынша жалған компания құрған. Осыдан 95 миллион теңге қосымша табыс тапқан.
Кәсіпкер әйел тапқан ақшасына
- 350 млн теңгеге коммерциялық ғимарат;
- 92 млн теңгеге бес екі бөлмелі пәтер;
- 667,5 млн теңгеге екі коттедж;
- 335,4 млн теңгеге екі элиталық пәтер мен автотұрақ;
- 114 млн теңгеге Mercedes-Benz G63 көлігін сатып алған.
Сот барысында оның 50 миллион теңгесі мен қымбат әшекейлері тәркіленді. Тергеу басталғанын білген ол бес пәтерін 143,5 миллион теңгеге сатып жіберген.
Сот әйелді жезөкшелікпен айналысу үшін орын ұйымдастыру және ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды. Оған 6 жыл бас бостандығынан айыру және мүліктерін тәркілеу жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, кәсіпкердің қарамағында жұмыс істеген күтуші әйелге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Ол пәтерлердің заңды иесі екенін мәлімдеген.