Астанада мас күйінде ұсталған судьяға үкім шықты
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мас күйінде және құжатсыз көлік басқарған судья Әсел Досаеваға қатысты шешім қабылдады, деп хабарлайды Politico.kz порталы Тengrinews.kz басылымына сілтеме жасап.
Сот талқылауының қорытындысы бойынша Досаева кінәлі деп танылды. Оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Құқық бұзушылық 2025 жылы жасалғандықтан, өндірілетін сома - 786 400 теңге.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылы 1 қарашада болған. Полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар кезінде Mazda маркалы автокөлікті тоқтатады. Тексеру барысында рульде отырған азаматшаның көлік басқару құқығы жоқ екені анықталады: жүргізуші куәлігінің мерзімі 3 шілдеде өтіп кеткен. Медициналық сараптама жүргізушінің жеңіл дәрежедегі мас күйде екенін растайды.
Сот шешімі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 8-бөлігіне негізделді. Бұл бап жүргізуші куәлігі жоқ адамның мас күйде көлік басқаруын қамтиды. Әдетте мұндай әрекет үшін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған. Алайда Досаеваның 2013 жылы туған кәмелетке толмаған баласы бар. Заңнама бойынша 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған әйелдерге әкімшілік қамақ жазасы қолданылмайды. Осы себепті сот жазаны айыппұлмен шектеді.
Еске сала кетейік, қараша айының басында желіде Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаеваның мас күйінде ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін Ішкі істер министрлігі бұл деректі ресми түрде растаған болатын.
Әсел Қасқарбайқызы Досаева - 1984 жылы Ақмола облысында туған. 2006–2021 жж «Целиндорстрой» ЖШС-нің бас маманы, «Қазтеміртранс» АҚ-ның бас маманы, сарапшысы, бөлім бастығы, менеджері. 2021 жылдан бастап Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының судьясы болып жұмыс істеген. 2025 жылдың қаңтар айында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы атанған.
Соңғы жаңалықтар