Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7%-ға артты

Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7%-ға артты
29.11.2024 14:29
0
54
Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласы кәсіпорындарында металлургия, жеңіл және құрылыс өнеркәсібі, автомобиль және теміржол машинасын жасау салаларының дамуымен танысты. Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған экономиканы әртараптандыру және басым салалардағы инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуы тексерілді. Индустриялық парк аумағында Премьер-министрге Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Астананың ЖӨӨ көлемі 5,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 7%-ға асып түскенін хабарлады. Жалпы өңірлік өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі 72%-ды құрайды. Биылғы 10 айда Астанаға шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды, бұл ретте өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 7%-ға өсті. Премьер-министр 7,5 мың шаршы метр аумақта орналасқан «Digital System Service» ЖШС зауытының өндірістік цехтарын аралап көрді. Телекоммуникация жабдықтарын, оның ішінде модемдерді, коммутаторларды, бағдарлауыштарды, телефон аппараттары мен үйде, кеңседе және өнеркәсіптік пайдалануға арналған стансаларды шығару жолға қойылған. Зауытта бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуден бастап дайын өнімді жинауға және орауға дейін өндірістің толық циклі жүзеге асырылады. Премьер-министрге жаңғыртудан кейін кәсіпорынның қуаты жылына 720 мың бірлікке дейін өскені, оның көлемін 805 мың құрылғыға дейін ұлғайту мүмкіндігі туралы баяндалды. 2005 жылы ашылған сәттен бастап зауытты дамытуға салынған инвестициялардың жалпы сомасы шамамен $4,5 млн-ды құрады. Бүгінгі таңда өндіріс 100 қызметкерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Олжас Бектенов импортқа тәуелділікті азайту және жоғары технологиялық өнімнің экспортын ұлғайту мақсатында жағдай жасау үшін мұндай өндірістердің маңызын атап өтті. Қазіргі уақытта Digital System Service тауарлар желісі Қазақстан нарығында кеңінен ұсынылған. Компанияның даму жоспарында шетелдік нарыққа шығу қарастырылған, оның ішінде Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Араб елдері бар. Америкалық Wabtec компаниясының инвестициялық жобасы арқылы Олжас Бектенов теміржол машинасын жасау саласының дамуымен танысты. «Локомотив құрастыру зауыты» магистральдық тепловоздарды құрастыру кәсіпорны жылына 120 бірлікке дейін шығарады. Өндіріс басталғаннан бері барлығы 611 локомотив жиналды. Компания президенті Марат Тілеубаев Премьер-министрге зауытта барлық негізгі құрастыру тораптары игерілгенін, локализация деңгейі бүгінде 75%-ға жеткенін баяндады. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы – 30 млрд теңге. Кәсіпорында 742 жұмыс орны ашылды. Премьер-министр темір жол машинасын жасауды дамытуға, жаңа өндірістік және сервистік объектілерді құруға инвестициялардың өсуінің оң үрдістерін атап өтті. Мұндай жобаларды іске асыру Мемлекет басшысының алға қойған міндетіне сәйкес Қазақстанның көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Олжас Бектенов «Ashina KZ» ЖШС тігін фабрикасында жеңіл өнеркәсіптің дамуымен танысты. Кәсіпорынның жылдық қуаты – 24 мың бірлік өнім. Жобаның құны 1,4 млрд теңгені құрайды, 60 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауытында болды. Кәсіпорын жоғары сапаны қамтамасыз ете отырып, алтын мен басқа да бағалы металдарды қоспалардан тазартумен айналысады. Зауыт ТМД-да теңдесі жоқ озық аффинаж технологиялары бойынша жұмыс істейді, бұл әлемдік стандарттарға сәйкес келетін өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын іске қосылған сәттен бастап барлығы 336,7 тонна тазартылған алтын және 64,2 тонна күміс өндірілді, жылдық қуаты 25 тонна алтын мен 50 тонна күміске жетеді. «Тау-Кен Алтын» ЖШС директоры Айнұр Айдарханов зауыт энергия тұтыну, су мен жылу шығынын азайта отырып, ESG-қағидаттарын белсенді енгізгенін, сондай-ақ катализаторлар мен қалдықтарды қайта өңдеуді дамытып жатқанын айтты. Бұл шикізат базасын кеңейтуге әрі нарықтағы ұстанымды нығайтуға мүмкіндік береді. Премьер-министр зауыттың қызметі Қазақстанның бағалы металдардың әлемдік нарығындағы ұстанымын нығайтуға ықпал ететініне тоқталды. Жалпы, мұндай өндірістік жобалар ел экономикасын әртараптандыру жөніндегі стратегияны іске асыруда шешуші рөл атқарады.
«Мемлекет басшысы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу міндетін қойды. Бізде бұл үшін барлық мүмкіндіктер мен қажетті құралдар бар. Қолайлы жағдайлары бар осындай индустриялық парктер өнеркәсіп секторының дамуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда әртүрлі салалық бағыттағы 14 арнайы экономикалық аймақ және 20-дан астам индустриялық аймақ жұмыс істейді. Біз бұл тәжірибені жалғастырамыз әрі кеңейтеміз. Біздің міндетіміз – жоғары деңгейде қайта өңдеуді дамыту, отандық шикізатты тиімді пайдалану және қайта өңдеу, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың айналасында сабақтас өндірістерді қалыптастыру. Импортқа тәуелділікті төмендетіп қана қоймай, қосылған құны айтарлықтай жоғары өнімдердің экспортын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или