Астанада үш баланың өмірін қиған өрт: құртқарушылар кедергі келтірген көлікті неге соғып өтпеген?

16.04.2026 17:23 Әсел Мұрат
Астанада үш баланың өмірін қиған өрт: құртқарушылар кедергі келтірген көлікті неге соғып өтпеген?
522
Фото: ашық дереккөз

Астанадағы «Көркем» тұрғын үй кешенінде үш баланың өмірін қиған қайғылы оқиғаға қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомство өкілдері өрт сөндіру қызметінің кешігуі туралы ақпаратты жоққа шығарып, «Егер өрт сөндіру көлігіне жолды бөгеген көлікті соғыа өтсе, балаларды аман алып қалу мүмкін болар ма еді» деген негізгі сауалға жауап берді.

ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті басқармасының басшысы Әйгерім Райымқұлова құтқарушылардың мұндай әрекетке заң жүзінде құқығы жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес, құтқарушылар төтенше жағдайда аумаққа кіруге, ғимарат құрылымдарын бұзуға құқылы, алайда бөгде көліктерді соғып өтуге рұқсат етілмеген. Бұған дейін депутат Олжас Құспеков өрт сөндіру көліктеріне жолды бөгейтін шлагбаумдар мен автокөліктерді бұзып өтуге заң жүзінде рұқсат беруді ұсынған болатын.

«Қылмыстық кодекстің 34-бабында көрсетілген аса қажеттілік нормасы бұл жағдайға қолданылмайды. Егер аса қажеттілік туындаса, біз тиісті қызметтерді жұмылдырып, кедергіні заң аясында жояр едік. Өрт сөндіру автосатысы жеткен кезде пәтер есігі бұзылып ашылған болатын. Оқиғаның толық бағасын тергеу береді», – деді Әйгерім Райымқұлова.

Оның айтуынша, көпқабатты үйлерге арналған бір өрт сөндіру автосатысының құны 800 миллионнан 1 миллиард теңгеге дейін жетеді. Мұндай қымбат арнайы техниканы көліктерді соғып өту үшін пайдалану мүмкін емес, себебі оның негізгі міндеті — адам өмірін құтқару. Сонымен қатар, аула мен кіреберіс жолдардың ашық болуы тұрғындардың өз жауапкершілігінде екені де атап өтілді. Егер аумақ көліктермен толық бөгелсе, жедел қызметтердің жетуі қиындайды.

Астана қалалық ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев те өрт сөндірушілердің 20 минутқа кешіккені туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.

«Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген сәттен бастап бірден құтқару және өртті сөндіру жұмыстарына кірісті. Олар баспалдақ алаңы арқылы көтеріліп, пәтер есігін ашып, адамдарды эвакуациялауды бастады. Алдымен әйел адам құтқарылды, содан кейін өртті сөндіру жалғасты. 20 минуттық кешігу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», – деді ол.

Әйгерім Райымқұлова тағы бір маңызды жайтқа назар аударды. Бейнежазбада өрт сөндіру сатысы орнатылып жатқан кезде терезеден ашық жалын шығып тұрғаны байқалады. Бұл өрт туралы хабардың кеш берілгенін көрсетеді. Өрттің нақты қанша уақыт бойы жанғаны әзірге белгісіз. Қалың түтін жағдайында адам небәрі 10 минут ішінде уланып қалуы мүмкін, ең алдымен балалар зардап шегеді. 

«Әйел адам аман қалды, оны дер кезінде құтқардық. Енді басты сұрақ — не себепті қалғандары пәтерден шыға алмады. Бұл мәселеге тергеу барысында толық жауап беріледі», – деп толықтырды ол.

ТЖМ көпқабатты тұрғын үйлерде өрт болған жағдайда әрекет ету алгоритмін де еске салды. Егер кіреберісте қою түтін болса, пәтерге қайта кіріп, құтқарушыларды терезе арқылы күткен жөн. Ал түтін аз болған жағдайда, еңкейіп, тыныс алу жолдарын дымқыл матамен жауып, тек баспалдақ арқылы төмен түсу қажет. Лифтіні пайдалануға қатаң тыйым салынады. Заманауи тұрғын үйлердегі өртке қарсы жүйелер пәтерден шыққан адамның салыстырмалы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске салайық, қайғылы оқиға 12 сәуірге қараған түні Астанадағы «Көркем» тұрғын үй кешенінің 21 қабатты ғимаратының 15-қабатында орын алды. Құтқарушылар өрт ішінен бір әйелді аман алып шығып, оны көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізді. Оқиға орнынан үш баланың мәйіті табылды.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий