Астанада жедел жәрдемнің экс-басшысы 9 жыл арқалады
Астанада қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы басшысы пандемия мен төтенше жағдай кезінде 443 млн теңгеден астам қаражат жымқырғаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше Мұрат Оразбаев 2020 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта көлікпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Арман Балабеков пен қойма меңгерушісі Айбек Әбдіровпен алдын ала сөз байласып, аса ірі мөлшердегі қаржыны қолды қылған. Елімізде төтенше жағдай жарияланған қиын кезеңде олар санитариялық көліктерді тез арада жөндейміз әрі қаражат үнемдейміз деген желеумен кәсіпорын базасында арнайы техникалық бекет ашып, іс жүзінде ешқандай жұмыс атқармаған адамдармен жалған ақылы қызмет шарттарын жасасқан. Осылайша автокөліктердің қосалқы бөлшектерін заңсыз есептен шығару арқылы мемлекетке 443 млн теңгеден астам залал келтірген.
Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, өздерін ақтауды сұрағанымен олардың кінәсі сараптама қорытындылары мен куәгерлердің айғақтары арқылы толық дәлелденді. Қылмыстың төтенше жағдай кезінде жасалуын жауаптылықты ауырлататын мән-жай ретінде таныған судья басты айыпталушы Мұрат Оразбаевты 9 жылға соттады. Ал оның сыбайластары болған Арман Балабеков пен Айбек Әбдіровтың әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үшеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан қағылып, жәбірленуші тараптың 443 млн теңге көлеміндегі азаматтық талабы толық қанағаттандырылды. Жымқырылған миллиондаған қаражатты сотталушылар өз еркімен қайтармаған.
Осы іс аясында кәсіпорынның тағы бір қызметкері Д. жауапқа тартылып, ол 2023 жылы 268 мың теңге көлеміндегі мүлікті жымқырғанын толық мойындады. Келтірілген шығынды өтеп, жәбірленушімен татуласуына байланысты оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, артынша рақымшылық заңына сәйкес жазадан толық босатылды.
Еске сала кетейік бұған дейін аталған күдіктілердің ұсталғаны туралы елордалық прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті хабарлаған болатын. Қазіргі шыққан сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар