Астанада жүлде қоры 4 млн доллар болатын «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі өтеді

20.07.2026 18:58 Қанат Айбар
Астанада жүлде қоры 4 млн доллар болатын «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі өтеді
3
Фото: Қазақтелеком

Биыл 29 шілде мен 9 тамыз аралығында елордада 50-ден астам елдің 800-ден астам спортшысы 4 млн доллардан асатын жүлде қорын сарапқа салатын ауқымды «Болашақ ойындары 2026» турнирі өтеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Samruk-Kazyna қолдауымен ұйымдастырылып жатқан бұл спорттық-цифрлық іс-шараның басты технологиялық серіктесі ретінде Қазақтелеком АҚ таңдалды.

Дәстүрлі спорт пен бейнеойындарды біріктіретін фиджитал форматындағы жарыста қатысушылар алдымен виртуалды кеңістікте, содан кейін нақты спорт алаңында бақ сынап, жеңімпаз екі кезеңнің қорытындысы бойынша анықталады. Еліміздің атынан барлық сегіз бағыт бойынша 11 команда өнер көрсетеді, ал ұлттық телекоммуникация операторы жарыс өтетін барлық нысандарды өзара байланыстырып, қатысушылар мен көрермендерді жоғары жылдамдықты үзіліссіз интернетпен қамтамасыз етеді.

Турнирдің ашылу салтанаты 29 шілдеде Барыс Арена мұз сарайында жасанды интеллект, жарық проекциялары, LED-инсталляциялар және робототехника элементтері қолданылатын үлкен шоумен басталады. Негізгі бәсекелер осы аренамен қатар Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен Beeline Arena теннис орталығында өтіп, оған 1300-ден астам арнайы дайындықтан өткен ерікті жұмылдырылады.

Жарыс бағдарламасына ірі брендтер қолдау көрсететін сегіз бағыт енгізілген, олардың қатарында фиджитал футбол, баскетбол, жекпе-жек пен би, сондай-ақ CS2, PUBG, Dota 2 және MLBB киберспорт ойындары бар. Жарысты трибунадан тамашалай алмайтын жанкүйерлер үшін Qazsport телеарнасы Қазақтелекомның инфрақұрылымы арқылы барлық оқиғаны тікелей эфирде көрсетеді.

Мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар бірлесіп дайындаған бұл жоба халықаралық фиджитал қозғалысына жаңа серпін беріп, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ірі іс-шараларды өткізу әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдейді. Жарыстың барлық күндеріне арналған билеттер Freedom Ticketon платформасы мен Freedom SuperApp қосымшасында сатылымға шықты.

Войдите, чтобы оставить комментарий