Астанада жүргізуші жасөспірімді қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткен
Астанада жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Informburo-ға сілтемемен.
Жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді қағып, оқиға орнынан кетіп қалған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан Сығанақ даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында Toyota RAV4 көлігінің велосипед мінген жасөспірімді қағып кеткені көрінеді. Соққыдан бала жерге құлап, аяғындағы аяқ киімі ұшып кеткен.
Бейнежазбаға қарағанда, жасөспірім ауыр жарақат алмаған. Ол өздігінен орнынан тұрған. Алайда көлік жүргізушісі көліктен түспестен, жолын жалғастырып кеткен.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жол апатына кінәлі жүргізуші анықталған.
«Toyota RAV4 автокөлігінің жүргізушісі реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде жолдың жүру бөлігін бағдаршамның рұқсат беру сигналы бойынша кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша заңға сәйкес шаралар қабылданады. Ал көлік коммуналдық тұраққа қойылған.
Соңғы жаңалықтар