Астанадағы НЗМ оқушысы буллинг кесірінен суицид жасамақ болды

08.06.2026 15:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Астанадағы НЗМ оқушысы буллинг кесірінен суицид жасамақ болды
212
Фото: pixabay.com

Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің үздік оқушысы сыныптастарының шеттетуінен кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Ата-анасы мектеп әкімшілігінің әрекетсіздігіне шағымданып полицияға арыз жазған, деп хабарлайды HALYQSTAN арнасы.

Бала элиталық мектепке грантқа түскен, сынып старостасы әрі белсенді оқушы болған. Алайда 8-сыныпта құрдастары оған түсініксіз себептермен толық бойкот жариялап, асханада қасына отырмай, бұрынғы достары да теріс айналған.

«Ол араласқысы келді, неге сөйлеспейтіндерін сұрады, бірақ бәрі үндемеді», — деді баланың анасы қудалаудың қайталанбауын қалап, есімдерін жасыруды өтініп.

Ата-анасының бірнеше рет шағымданғанына қарамастан, сынып кураторы мен мектеп психологы бұл жағдайды елемеуді жөн көрген. Салдарынан жасөспірім агрессияға беріліп, өз-өзіне зақым келтіре бастағандықтан, мемлекеттік аурухана дәрігерлері баланы бұл мектептен дереу алып кетуді талап еткен.

Қазір ол қарапайым мектепте оқиды, антидепрессанттар қабылдап, психиатрдың бақылауында жүр. Тіпті НЗМ-нен кеткеннен кейін де жағдайы нашар болғаны соншалық, 9-қабаттан секіріп кетпек болған жерінде ата-анасы соңғы сәтте тоқтатып қалған.

Бұл іс сәуір айынан бері прокуратурада жатыр. Анасының айтуынша, полицияға істі алға жылжытуды сұрап барғанда тәртіп сақшылары оларға тек «тірі қалғанына шүкір деңіз» деп жауап қайтарған.

«Ұлыма психологтың көмегі өте қажет, бірақ ол қаламайды. Психологиялық қолдау орталығына барған сайын бәрін қайта есіне алып, сол ауыр күйге түсетіндіктен, маманмен жұмыс істеуден бас тартты», — деді баланың анасы.

Фото: HALYQSTAN

Войдите, чтобы оставить комментарий