Қазақстанда әскери реформа мақұлданды: сарбаздар енді қалай қызмет етеді?

Қазақстанда әскери реформа мақұлданды: сарбаздар енді қалай қызмет етеді?
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қазанда Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Жиында әскери реформа жоспары мақұлданды, деп хабарлайды Politico.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Реформа аясында мерзімді әскери қызмет 2 кезеңге бөлінбек. Әскерге шақырылғандар алғашқы 6 айда оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Кейінгі 6 айда әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік даярлықпен айналысады.

Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы қайта қаралады. Әскерді басқару және қорғанысты жоспарлау жүйесі жетілдіріледі. Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру да жоспарланып отыр.

Тоқаев әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне, оларды даярлауға және әскердегі тәртіпке ерекше мән беруді тапсырды.

«Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес», – деді президент.

Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева реформа жоспарын таныстырды. Құжат халықаралық тәжірибе мен отандық мамандардың ұсыныстары негізінде әзірленген.

Әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау үшін арнайы уәкілдер мен әскери консультанттар институттарын құру көзделген. Әскердегі жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу шаралары да күшейтіледі.

«Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде «Жас айбын» әскери патриоттық даярлық жүйесі дамытылады. Әскери мектептер желісі кеңейтіліп, бастапқы әскери даярлық жетілдіріледі.

Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов армияны жаңғырту жоспары туралы баяндады. Әскердің жаңа ақпараттық стратегиясы қабылданып, «Заң мен тәртіп» қағидатына сай тәрбие жұмысы күшейтілмек.

Жоспардағы ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін, негізгі өзгерістер 2027 жылы жүзеге асырылады.

Президент Қорғаныс министрлігін кешенді тексеруді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Әскери реформаның орындалуын Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесі үйлестіреді.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери теңіз жаттығулары кезінде 17 әскери қызметшіні Каспий теңізіне ағыс алып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

25 қыркүйекте ІІМ осы оқиғаға байланысты бірнеше әскери басшы ұсталғанын хабарлады. Олардың арасында Әскери теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және катердің командирлері бар.

26 қыркүйекте Тоқаев Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жөнінде комиссия құру туралы өкімге қол қойды.

5 қазанда комиссия отырысында Маңғыстаудағы қайғылы оқиға әскердегі жүйелі мәселелерді анықтағаны айтылды. Алдын ала тергеу әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде елеулі қателіктер жіберілгенін және тиісті бақылау болмағанын көрсетті.

Тексерудің алғашқы кезеңінде мемлекеттік мүлікті жымқыру, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және басқа да заңбұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу