Атырау тергеу изоляторында жаппай наразылық болды: Үш адам ауруханаға жеткізілді
Атырау қаласындағы тергеу изоляторында сотталғандар арасында наразылық туындады, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан кейін үш адам ауруханаға жеткізілген.
23 қазанда болған оқиғаға қамаудағылардың ұстау жағдайына көңілі толмауы себеп болған. «Ақ Жайық» басылымының дереккөздерінің мәліметінше, олар карантиндік блоктағы адамдарды басқа жерге ауыстыруды талап еткен. Алайда мекеме әкімшілігі бұл талапты орындамаған соң, жағдай ушыға түскен.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, наразылық кезінде кейбір қамаудағылар өздеріне жарақат салған. Сондай-ақ олардың арасында асылып қалуға әрекеттенгендер де болған. Соның салдарынан бірнеше адамға медициналық көмек қажет болып, үшеуі ауруханаға жеткізілген. Олардың нақты қандай жарақат алғаны және қазіргі жағдайы әзірге белгісіз.
Оқиғадан кейін тергеу изоляторындағы қозғалысқа қойылатын шектеулер күшейтілген. Мекемеге прокуратура, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері барғаны хабарланды.
Әзірге қамаудағылардың нақты қандай жағдайларға наразылық білдіргені, карантиндік блокқа қатысты талаптың не себепті туындағаны және оқиғаға қанша адамның қатысқаны белгісіз.
Соңғы жаңалықтар