Атырауда департамент басшысы өлі күйінде табылды
Атырау облысында әлеуметтік қорғау саласындағы департамент басшысы Бауыржан Асаиновтың мәйіті өзі тұрған пәтерден табылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, шенеуніктің денесі 18 қазанда анықталған. Алдын ала бейресми ақпарат бойынша, мәйіт пәтерде шамамен екі апта жатқан болуы мүмкін. Осы уақыт аралығында үйге жылу қосылғаны айтылып отыр. Бұл жағдай мәйіттегі өзгерістерді жеделдетіп, өлімнің нақты себебін анықтауды қиындатуы ықтимал.
Сондай-ақ басылым дереккөздері марқұм мен оның ағасы арасында жанжал болуы мүмкін екенін хабарлаған. Алдын ала мәліметке сәйкес, екеуі бірге спирттік ішімдік ішкеннен кейін сөзге келіп қалған. Болжам бойынша, жанжал кезінде ағасы Асаиновты ұрып, оның көзі тірісінде пәтерден кетіп қалған.
Дереккөздердің мәліметінше, ақпарат алынған сәтте марқұмның ағасының қайда екені белгісіз болған. Алайда жанжалдың мән-жайы, оның өлімге қатысы және шенеуніктің нақты неден қайтыс болғаны әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Бауыржан Асаинов 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау және реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментін басқарған. Бұған дейін прокуратура органдарында, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жұмыс істеген. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған.
Марқұмның қайтыс болғанын әріптестері де растады. Ведомствоның ресми парақшасында жарияланған некрологта оның жақындарына көңіл айтылып, мемлекеттік қызметтегі көпжылдық еңбегі атап өтілген.
Соңғы жаңалықтар