Атырауда өлі табылған Бауыржан Асаиновтың әпкесі мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Атырауда өз пәтерінен өлі табылған департамент басшысы Бауыржан Асаиновтың өліміне қатысты жаңа мәлімдеме жасалды. Марқұмның туған әпкесі Алма Мұқатова бұған дейін тараған бірқатар ақпаратты жоққа шығарды. Әсіресе, шенеуніктің өліміне туған бауырымен арадағы жанжал себеп болуы мүмкін деген болжамға үзілді-кесілді қарсы шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Еске салайық, 18 қазанда Атырау облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Бауыржан Асаинов өз пәтерінен өлі табылған еді.
Осыдан кейін БАҚ шенеуніктің мәйіті пәтерде екі аптаға жуық жатқан болуы мүмкін екенін жазды. Сондай-ақ оның өліміне ағайындылар арасындағы жанжал себеп болды деген бейресми болжам тарады. Онда екі бауырдың бірге ішімдік ішкені, кейін жанжалдасып қалғаны, біреуі екіншісіне қол көтеріп, пәтерден кетіп қалғаны айтылған.
Енді марқұмның әпкесі Алма Мұқатова Qoslive басылымына бейнеүндеу жолдап, жарияланған ақпараттардың бірқатары шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
– Мен сіздерге белгісіз жағдайда қаза тапқан Бауыржан Асаиновтың туған әпкесі ретінде жүгініп отырмын. Оның екі апта бойы қайда жүргенін отбасы да, жақындары да, әріптестері де білмеген, ешкім іздемеген деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Осы екі аптаның алғашқы кезеңінде ол еңбек демалысында болды, – деді Алма Мұқатова.
Оның айтуынша, Бауыржан Асаинов демалыс кезінде Сарыағаштағы шипажайға барған. Кейін Атырауға оралып, тұрғылықты жері бойынша емханада ем қабылдаған.
– Оның Сарыағаш шипажайына демалуға барғанын растайтын дәлелдер бар. Атырауға оралған соң өзі тұратын жердегі емханада емделіп, тиісті емдік шараларды қабылдаған. Мұның да дәлелдері бар. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы да болған, – деді марқұмның әпкесі.
Алма Мұқатова ағасының өліміне екі бауырдың арасындағы жанжал себеп болды деген ақпаратты да жоққа шығарды.
Оның сөзінше, ортаншы бауыры Атырауға отбасылық шаруаларымен келген. Ол қалада 2026 жылғы 9 және 10 қазанда болған.
– Ағамның өліміне екі бауырдың арасындағы жанжал себеп болды деген ақпарат та жалған. Ортаншы бауырым Атырауға отбасылық жағдайына байланысты барған. Ол 9 және 10 қазанда сол қалада болды. 10 қазан күні сағат 12:00-де Атыраудан өзінің тұрақты тұрғылықты жері Астанаға ұшып кеткен. Мұны растайтын дәлелдер бар, – деді ол.
Сондай-ақ Алма Мұқатова бауырының қайда жүргені белгісіз болғаны және тергеуге жауап беруден қашқаны туралы айтылғандарды да теріске шығарды.
– Оның қайда жүргені белгісіз болды деген сөз де шындыққа жанаспайды. Ешкім жауап беруден қашып, жасырынған жоқ. Жауап алу хаттамасы қылмыстық іс материалдарында бар, – деді марқұмның әпкесі.
Ол Бауыржан Асаиновты әріптестері іздемегені туралы ақпараттың да негізсіз екенін айтты. Себебі шенеунік ресми түрде еңбекке жарамсыздық парағымен жүрген, ал жұмыстағылар бұл жағдайдан хабардар болған.
– Әріптестері оны неге іздемеген деген сұрақ та орынсыз. Оны іздеуге ешқандай себеп болған жоқ. Өйткені ол ресми түрде сырқаттанып, еңбекке жарамсыздық парағымен жүрген. Әріптестері мұны білді, олар байланыста болды, – деді Алма Мұқатова.
Марқұмның әпкесі жалған ақпарат пен оның астына жазылған пікірлер отбасы мүшелеріне ауыр тиіп жатқанын жеткізді.
Әсіресе, 86 жастағы анасының жағдайына алаңдайтынын айтты. Ұлынан күтпеген жерден айырылған қарияға тараған түрлі қауесеттер қосымша ауыртпалық түсіріп отырғанын жеткізді.
– Шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттардың астына жазылған пікірлер жақындарының, анасының, бауырларының, әпке-қарындастарының және менің жиендерімнің жүрегіне қатты батады, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін полиция Бауыржан Асаиновтың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
Әзірге оның өлімінің нақты себебі туралы ресми қорытынды жарияланған жоқ.
Бауыржан Асаинов кім болған?
Бауыржан Әділханұлы Асаинов – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментін басқарған. Сонымен қатар облыстың мемлекеттік әлеуметтік қорғау бас инспекторы қызметін атқарған.
Ол 1998 жылы Жезқазғандағы Байқоңыров атындағы оқу орнын инженер мамандығы бойынша, 2000 жылы Қарағанды экономикалық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. 2023 жылы «Тұран-Астана» университетінде магистратураны бітіріп, экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолында бірнеше мемлекеттік органда басшылық қызмет атқарған.
2000–2006 жылдары Қарағанды және Ақмола облыстарының прокуратура органдарында, сондай-ақ Астананың көлік прокуратурасында жұмыс істеген. 2007–2008 жылдары «Астана-Горкомунхоз» акционерлік қоғамының заң қызметін басқарған.
2010 жылғы мамырдан 2012 жылғы қыркүйекке дейін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу комитетінің Қарағанды облысындағы департаменті директорының орынбасары болған. 2012–2014 жылдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде департамент директорының орынбасары қызметін атқарған.
2014 жылғы мамырдан 2017 жылғы мамырға дейін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Қарағанды облысындағы департаментін басқарған. Ал 2017 жылғы мамырдан 2019 жылғы желтоқсанға дейін Астанадағы Көліктегі қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы болған.
2019 жылғы желтоқсаннан 2022 жылғы желтоқсанға дейін Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған.
2023 жылдың қаңтарында Атырау облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы әрі мемлекеттік әлеуметтік қорғау бас инспекторы болып тағайындалған.
Соңғы жаңалықтар