"Ауруханаға түстім": Айнұр Тұрсынбаева ауыр күндерін еске алды

18.09.2026 12:48 Мөлдір ҚАЙНАР
473
Фото: видеодан скриншот

Айтыскер ақын әрі психолог Айнұр Тұрсынбаева өміріндегі ең ауыр кезеңдерді еске алып, қарызға батып, тығырыққа тірелген сәттері жайлы ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның сөзінше, кәсіпте жолы болмай, бірнеше қаржы пирамидаларына алданып қалғаннан кейін денсаулығы сыр беріп, ауруханаға дейін түскен.

«Сатуды білмеймін, бірдеңе бастасам, банкротпен бітетін. Пирамидаларға кіріп, қалған ақшамнан айырылып, қарызға белшеден баттым. Жылап жатып қалдым, ауруханаға түстім. Тіпті өмір сүргім келмейтін сәттер болды, тоғыз айдай қалыпты өмірден ажырап қалдым», – дейді ол.

Ақын күйзелістен шығу үшін мешітке барып, дұға жасап, кейін кітап оқу мен білім алуға ден қойғанын жеткізді. Танымдық әдебиеттер дүниетанымын түбегейлі өзгерткен.

«Маған жаңа әлемнің есігі ашылғандай болды. Неге қиналғанымды, қарызға кіргенімді, неліктен ажырасқанымды — бәрін түсініп, қайта еңсемді тіктедім», – деді Айнұр Тұрсынбаева.

Қазіргі таңда ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, қиын жағдайға тап болған оқырмандарына үздіксіз білім алуға кеңес беретінін айтты. Сондай-ақ әлемдік кітаптардың мәнін қазақы танымға бейімдеп, өз еңбектерін жарыққа шығарып жүргенін атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий