Австралиялық азамат 93 жасында әке атанды. Ол тағы бала сүйгісі келетінін айтты

93 жастағы австралиялық дәрігер Джон Левин 2024 жылдың ақпан айында әке атанды. Оның 37 жастағы жұбайы, Яньин Лу, ұл бала - Габбиді дүниеге әкелді. Ерлі-зайыптылар енді тағы балалы болуды ойластырып жүргендерін айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Левиннің бұрынғы некесінен ересек балалары бар, алайда ол бірнеше онжылдықтан кейін қайтадан әке болуды ұйғарған. Ал Яньинмен ол бірінші жұбайы қайтыс болғаннан кейін танысқан: көңілін басқаға бөлу үшін қытай тілін үйрене бастаған, ал оның ұстазы болашақ жары болып шыққан. Уақыт өте келе олардың арасында сезім пайда болып, 2014 жылы неке қиған.
Ұл бала ЭКО арқылы және донорлық ұрық көмегімен дүниеге келген.
«Габбиді алғаш рет қолыма ұстаған сәт - өмірімдегі ең ғажайып сәттердің бірі болды», - деді Левин.
Ал жұбайы адамдардың көбіне күйеуін баланың атасы деп ойлайтынын айтып күлді, бірақ олардың мұндай пікірлерге мән бермейтінін жеткізді.
«Бастысы - өзіміздің бақытты болуымыз. Бүгінде түрлі отбасылар бар және әрқайсысының өз жолы бар»», - дейді Лу.
Қартаюға қарсы медицина саласының маманы доктор Левин белсенді өмір салтын ұстанады: спортпен айналысады, негізінен вегетариандық тағамдармен қоректенеді және ішімдік пен темекіден бас тартқан. Ол әзілдеп, 113 жасқа дейін өмір сүріп, ұлының 21 жасқа толғанын көргісі келетінін айтады.
Соңғы жаңалықтар





