Автобуста кішкентай қызды қорғап төбелескен жігітке депутат су жаңа айфон сыйлады (ВИДЕО)

14.04.2026 10:11 Арман Ермеков
Автобуста кішкентай қызды қорғап төбелескен жігітке депутат су жаңа айфон сыйлады (ВИДЕО)
478
Фото: Бейнеден алынған скрин

Өскеменде автобуста кішкентай қыздарға тиіскен ер адамға тосқауыл болған Олжас Әуелбековке мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашынов алғыс айтып, бағалы сыйлық табыстады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға биыл 15 наурызда Өскемен қаласындағы автобустардың бірінде болған. Белгісіз ер адам 10-12 жастағы қыздарға тиісе бастаған кезде жанында тұрған Олжас Әуелбеков бұған бейжай қарай алмай, ортаға түседі. Соның салдарынан жас жігіт пен ер адамның арасында төбелес шыққан. Автобус ішіндегі видео мен Олжастың өз әрекетін түсіндірген жазбасы желіде тарап, көпшілік оның бұл қадамын қызу қолдады.

Жақында мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашынов батыл әрекет еткен жігітпен арнайы кездесіп, оған көпшілік алдында жаңа айфон сыйға тартты. Халық қалаулысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, жас азаматтың ерлігіне баға берді.

«Бүгін мен үшін ерекше мәні бар кездесу өтті. Мәжіліс депутаты ретінде өскемендік Олжас Әуелбеков сынды батыл да саналы жасқа алғыс білдіру – үлкен мәртебе. Өскемен қаласында орын алған бұл жағдай баршамызды бейжай қалдырмады. Қоғамдық көлікте кәмелетке толмаған қыздарға тиісу – бұл тек құқықбұзушылық қана емес, адамгершілікке жат әрекет. Осындай сәтте Олжас қорықпай, әділдіктің жағында болып, араша түсті. Өкінішке қарай, кейде дәл осындай дұрыс әрекет жасаған азаматтардың өзі түрлі жағдайларға тап болып жатады. Дегенмен, бұл оқиға бізге маңызды бір шындықты көрсетті. Қоғамда әділдік үшін үн қататын, жауапкершілікті өз мойнына алатын жастар бар. Бұл – үміт. Бұл – болашаққа деген сенім. Біз мұндай азаматтарды тек сөзбен емес, нақты іспен де қолдауымыз керек. Заң мен тәртіп әрқашан әділдіктің жағында болуы тиіс. Әсіресе, қоғам қауіпсіздігіне үлес қосқан жандар елеусіз қалмауы қажет. Олжасқа алғыс айта отырып, барлық жастарға үндеу жасағым келеді. Бейжай болмаңыздар, әділдікке немқұрайлы қарамаңыздар. Қоғамның келбеті – әрқайсымыздың әрекетімізден қалыптасады. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тірегі. Ал ел тірегі мықты болуы үшін, бізге дәл осындай жүректі, батыл әрі адал жастар қажет. Осындай азаматтарымыз көп болсын», – деп жазды депутат.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий