Әйел 42 жыл бұрын босанғанда өлді деген баласының тірі екенін білді

Әйел 42 жыл бұрын босанғанда өлді деген баласының тірі екенін білді
06.09.2025 15:11
0
151
pixabay.com

Жаңа Зеландиялық Дайан Шихан 42 жыл бұрын қайтыс болды деп сенген ұлының тірі екенін білген. Бұл туралы Metro басылымы хабарлады.

Дайан Шиханның айтуынша, 1976 жылы ол Канададан келген ер адамнан күтпеген жерден жүкті болып қалады. Ол кезде 21 жаста болған әйел Австралия ауруханасында босанады. Алайда медицина қызметкерлері оған баланың жынысын да айтпастан, бірден сәби шетінеп кеткенін хабарлаған. Кейін оған «шығару қағаздары» деп, іс жүзінде асырап алуға келісім беретін құжаттарға қол қойдыртқан.

1987 жылы Шихан тұрмысқа шығып, үш бала дүниеге әкеледі. Алайда 2018 жылы күтпеген оқиға орын алады: электрондық поштасына өзін оның ұлы екенін айтқан бейтаныс адамнан хат келеді. Хатпен бірге жіберілген фотосуретте — жігіттің кішкентай қызы, яғни Шиханның немересі бейнеленген. Әйел суреттегі қыздың өзіне қатты ұқсайтынын бірден байқаған.

Кейін Дайан шындыққа көз жеткізеді: сол жылдары медициналық мекемелер жалғызбасты аналарды «қоғамға қауіпті» деп санап, олардың жаңа туған нәрестелерін мәжбүрлеп алып қоятын тәжірибе кең таралған. Әйелге қол қойдыртқан құжаттар да – аналық құқықтан ерікті түрде бас тарту туралы келісім болып шыққан. Ал ұлының асырап алған ата-анасы бұл мәліметті ешқашан білмеген.

Шиханның ұлы өз биологиялық анасын қызы дүниеге келгеннен кейін іздей бастаған. Кездескен сәтте әйел эмоциясын жасыра алмапты:

«Мен көзімді ала алмадым. Қолымды созып, оны ұстай аламын дегенге сенбедім», – дейді ол.

Бұл кездесуден кейін Дайан өзінің жылдар бойы іште тұншыққан жарасын сезінгенін айтты. Ұлымен қайта қауышу оның жан дүниесіне тыныштық сыйлап, өміріне жаңа бетбұрыс әкелді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий