Әйел басқа балаларының көзінше 3 жасар ұлымен бірге терезеден құлап кетті
Мәскеу облысындағы Раменское қаласында қайғылы оқиға болды. Тоғызыншы қабаттағы пәтерден 39 жастағы әйел мен оның 3 жастағы ұлы терезеден құлап, көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, бүлдіршін ағалары мен әпкесімен бірге терезе алдындағы тақтайда ойнап жүрген. Сол сәтте аяғы тайып кетіп, төмен қарай құлай бастаған. Мұны көрген анасы бірден ұлын ұстап қалуға ұмтылғанымен, тепе-теңдігін жоғалтып, баласымен бірге төменге құлаған.
Оқиға санаулы секунд ішінде болған. Қайғылы жағдайға отбасының өзге үш баласы куә болған.
Куәгерлер дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер 3 жастағы баланың өмірін сақтап қала алмады. Анасы ауруханаға жеткізілгенімен, алған ауыр жарақаттарынан көз жұмған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы көпқабатты үйде бұған дейін де осындай қайғылы жағдай тіркелген. Бірнеше жыл бұрын дәл осы үйден жас жігіт терезеден құлап, қаза тапқан.
Оқиғаның нақты мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
Соңғы жаңалықтар