Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 28,5 млрд долларға жетті

Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 28,5 млрд долларға жетті
09.05.2024 11:10
0
73
Президент Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) мерейтойлық саммитіне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Ресей Федерациясының Президенті лауазымына ресми түрде кірісуімен құттықтады. Қазақстан Президенті осыдан он жыл бұрын Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа қол қойылғанына назар аударды.
– Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде біздің Одақ халықаралық кеңістікте өзіндік орны бар маңызды әрі перспективті интеграциялық бірлестікке айналды. Ортақ күш-жігердің арқасында мыңнан астам түрлі нормативтік құжат қабылданды. Онжылдықтың макроэкономикалық қорытындысы бірлестігіміздің таңдаған даму бағыты дұрыс екенін көрсетті. Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 1,7 есе артып, 28,5 миллиард долларға жетті. Ал экспорты 2 еседен астам өсті. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына ықпал етеді. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 5,1 пайызға артты. Біз мұны жақсы нәтиже деп санаймыз, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының пікірінше, ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету және қызметтердің ортақ нарығын қалыптастыру арқылы жоғары деңгейдегі өзара интеграциялық ықпалдастық нығая түседі. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында одан әрі орнықты даму үшін бірлестік неғұрлым икемді және тиімді болуға тиіс деп санайды. Сондай-ақ Президент Дүниежүзілік банктің есебін мысалға келтіріп, қазіргі онжылдықтың бірінші жартысындағы әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болуы мүмкін екенін айтты.
– Егер халықаралық қауымдастық пәрменді шаралар қабылдамаса, аталған кезең «мүмкіндікті мүлт жіберген онжылдық» ретінде тарихқа енуі ықтимал. Бұл жаһандық экономиканың ажырамас бөлігі саналатын Еуразиялық экономикалық одақ үшін де зор сын-қатер болары сөзсіз. Біз барлық резервті пайдалана отырып, Одақты құру кезінде жүктелген міндеттерді шешуіміз керек. Ең алдымен, бұл жерде Экономикалық одақтың іргелі қағидатын, яғни тауарлар қозғалысының еркіндігін іске асыру туралы айтып отырмыз. Бізге шын мәнінде біртұтас әрі жүйелі жұмыс істейтін кедергісіз ішкі нарық құру қажет. Жасырын шектеулерді, «нақты жағдайға байланысты шешімдерді» және қолмен басқарудың кез келген түрін қолдану тәжірибесін толықтай жою маңызды. Бұл Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының сөзсіз басымдығы болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или