“Азаматтар әділеттілікті сезінуі керек”: Айбек Дәдебай партияның басты мақсатын айтты

07.05.2026 21:48 Қарақат АСЫЛОВА
“Азаматтар әділеттілікті сезінуі керек”: Айбек Дәдебай партияның басты мақсатын айтты
616
Жаңа идеология мен негізгі ұстанымдар жарияланды

Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтіп, жаңа ұйымның идеологиялық бағыты мен негізгі ұстанымдары жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Партия төрағасы болып сайланған Айбек Дәдебай өз сөзінде қозғалыстың басты бағыты заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті нығайту болатынын айтты. Айбек Дәдебайдың айтуынша, партия жұмысының өзегі заң мен тәртіп қағидаты. Ол қоғамның тұрақты дамуы ең алдымен азаматтардың заңға деген сеніміне тікелей байланысты екенін атап өтті.

"Заңға деген сенім — мемлекеттің басты тірегі. Президент ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатқан реформалар қоғамдағы әділеттілікке деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Ендігі мақсат — әділеттілікті тек ұран ретінде емес, әр азаматтың күнделікті өмірінде сезілетін нақты құндылыққа айналдыру", — деді ол.

Партия жетекшісі мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты күшейту маңызды міндеттердің бірі екенін де айтты. Оның пікірінше, саяси мәдениет тек өзара жауапкершілік пен түсіністік арқылы қалыптасады.

"Біз әділет қағидаттарын қоғам өмірінің барлық саласына енгізуді көздейміз. Ол үшін ашық диалог пен сенім қажет. Әр азамат мемлекет тарапынан әділетті қарым-қатынасты сезініп, ел болашағына жауапкершілікпен қарауы тиіс", — деді Айбек Дәдебай.

Сөз соңында ол съезд жұмысына қатысқандарға алғыс айтып, партияны дамыту жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.

Айта кетейік, съезд қорытындысы бойынша «Әділет» партиясының төрағасы ретінде Айбек Дәдебай ресми түрде бекітілді.

Войдите, чтобы оставить комментарий