«Балаларымның хаттарын қабырғаға іліп қоятынмын»: Мейіржан Төребаев түрмедегі өмірі туралы айтты

03.06.2026 22:21 Қарақат АСЫЛОВА
«Балаларымның хаттарын қабырғаға іліп қоятынмын»: Мейіржан Төребаев түрмедегі өмірі туралы айтты
302
«Хаттарын оқыған сайын өзімді кінәлі сезінетінмін»

Жақында бостандыққа шыққан вайнер әрі блогер Мейіржан Төребаев «Отец» подкастында түрмедегі өмірі, отбасыға деген сағынышы және еркіндікке шыққаннан кейінгі сезімі туралы ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, қиын кезеңде жұбайы Дана ең үлкен тірегі болған.

«Дана әр келген сайын балаларымның хаттарын алып келетін. Мен оларды қабырғаға іліп қоятынмын. Сол хаттар арқылы үйдің жылуын сезінгендей болатынмын. Хаттарын оқыған сайын өзімді кінәлі сезінетінмін», – деді блогер.

Мейіржан түрме терезесінен сыртқа қарап отырып, өмірдің өзіңсіз де жалғасып жатқанын сезінудің ауыр болғанын айтты.

«Түрменің терезесінен сыртқа қарап отырып, өмірдің сенсіз жалғасып жатқанын сезесің. Жаңбыр жауып, адамдар тіршілігін жасап жатады. Сол сәтте терең ойға батасың», – деп еске алды ол.

Блогердің сөзінше, жұбайы балаларын түрмеге апармаған. Мұндай ауыр жағдайды олардың көрмегенін дұрыс санаған. Алайда балалары хат жазып, аналары арқылы жолдап отырған. Сондай-ақ ол бұл сынақтың өмірге деген көзқарасын өзгерткенін жеткізді.

«Әйелімнің мықтылығына таңғалатынмын. Өз жұмысын қатар алып жүріп, маған келуге уақыт табатын. Балаларға да, анама да қамқор болды. Жар таңдаудан жолым болды деп ойлаймын», – деді вайнер.

Мейіржан Төребаев бостандыққа шыққаннан кейін де біраз уақыт мазасыз күй кешкенін жасырмады.

«Үйге келген соң да өзімді еркін сезіне алмадым. Кез келген уақытта қайта алып кететіндей қорқыныш болды», – деді ол.

Оның айтуынша, балаға берілетін ең үлкен сыйлық – бірге өткізілген уақыт. Ал қоғамның пікірі емес, отбасы мен жақындарының қолдауы бәрінен маңызды.

Войдите, чтобы оставить комментарий