Балқаштағы «Қазақмыс» кәсіпорындарының өндірістік қуаты артады
«Қазақмыс» корпорациясы Балқаш өндірістік алаңындағы кәсіпорындардың қуатын арттыруға бағытталған жобалар жалғасып жатқанын мәлімдеді. Компанияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі өңірге арнайы жұмыс сапарымен барып, өндіріс орындарының қазіргі жағдайы мен алдағы даму жоспарларын бақылады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін бекітілген шаралар аясында бірқатар өндірістік және гидротехникалық нысандар толық жаңартылған. Нақтырақ айтқанда байыту фабрикасының ұсақтау цехындағы тоғызыншы ауыстырып тиеу торабы жөндеуден өтіп, қалдық сақтау қоймасындағы бөгетті көтеру жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта бұл бөгетті ұлғайтудың екінші кезеңін жүзеге асыру көзделіп отыр.
Өндіріс қуатын арттырумен қатар көлік және технологиялық инфрақұрылымды дамыту мәселесі де басты назарда тұр. Мәселен он сегіз ашық вагонға арналған жылыту жүйесі бар жаңа ғимарат салу жоспарлануда. Бұл шешім жылжымалы құрамның бос тұру уақытын қысқартып, концентраттың үздіксіз тасымалдануына және қауіпсіздік деңгейінің артуына септігін тигізеді. Сонымен бірге шикізатты өңдеудің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ванюков пешіне көмір тозаңын жеткізетін жаңа жүйе енгізу қарастырылып жатыр.
Жұмыс сапарының соңында Руслан Өскенәлі Балқаш өндірістік алаңын одан әрі дамыту үшін өндірістік базаны жетілдіру, кәсіпорындардың тұрақтылығын сақтау және қауіпсіз еңбек жағдайын жасау негізгі бағыт болып қала беретінін айтты.
Последние новости