Банк қызметкерлері мен төлем ұйымдары қатысқан онлайн-казино желісі әшкереленді

08.12.2025 11:35 Арман Ермеков
Банк қызметкерлері мен төлем ұйымдары қатысқан онлайн-казино желісі әшкереленді
0
276

Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесін қаржыландырумен айналысқан ауқымды қылмыстық схеманың жолын кесті. Бұл туралы Politico.kz хабарлайды.

Тергеу барысында анықталғандай, алаяқтар ақша ағындарын төлем ұйымдары арқылы өткізіп, оны заңды қаржылық операция ретінде бүркемелеген. Кейіннен бұл қаражат кедергісіз онлайн-казинолардың есебіне шығарылып отырған. Қылмыстық топ өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін букмекерлік кеңселермен жасалған жалған келісімшарттарға сүйеніп, «сұр» POS-терминалдар мен арнайы Terminal ID-ді іске қосқан.

Бұл көлеңкелі кәсіпке еліміздегі 20-дан астам төлем ұйымы тартылғаны белгілі болды. Тіпті, екінші деңгейлі банктердің кейбір лауазымды тұлғалары да қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. Бүгінгі таңда анықталған заңсыз айналымның жалпы сомасы 600 миллиард теңгеден асады.

Арнайы операция барысында 70-тен астам тінту шаралары жүргізіліп, айғақтар тәркіленді. Соттың санкциясымен 9 адам қамауға алынды. Олардың арасында «Төлем ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі басшысының кеңесшісі де бар.

Қылмыстық топтың ауқымы кеңейгені соншалық, олар арнайы Call-орталықтың жұмысын жолға қойған. Орталық төрт бірдей онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша аударымдары бойынша кеңес беріп келген. Бұл жұмысқа Қазақстаннан бөлек, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтарынан құралған 120 адам жұмылдырылған.

Ұйымдастырушылар мұнымен шектелмей, криптовалюта арқылы қаржы қабылдау мен шығаруға арналған гемблингтік серіктестік бағдарламасын құрған. Оның айналымы 200 миллион USDT-ден асқан көрінеді.

Қазіргі уақытта тағы сегіз адамды, соның ішінде шетелдіктерді халықаралық іздеуге жариялау үшін құжаттар дайындалып жатыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий