Қазақстанда автокөлік өткізу пунктерін жаңғырту жұмыстары жеделдетіледі

18.08.2026 22:48 Қанат Айбар
Қазақстанда автокөлік өткізу пунктерін жаңғырту жұмыстары жеделдетіледі
67
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен автожол саласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Басқосуға Көлік, Қаржы, Ұлттық экономика, Әділет министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында «Орталық – Батыс» жобасының жүзеге асырылуы, автокөлік өткізу пунктерін жаңғырту, сондай-ақ республикалық маңызы бар автожолдарды күзгі-қысқы кезеңде күтіп-ұстауға дайындық мәселелері қаралды.

Кеңес барысында «Орталық – Батыс» жобасы бойынша жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысы, қаржыландыру және жер учаскелерін уақытылы бөлу мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

Сонымен қатар автокөлік өткізу пунктерін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда жұмыс сапасын арттыру, белгіленген мерзімдерді сақтау және ведомствоаралық шешімді талап ететін түйткілдер сөз болды.

Ал күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында жол ұйымдарының дайындығы, қажетті техникамен және көктайғаққа қарсы материалдармен қамтамасыз етілуі пысықталды. Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу, ведомствоаралық координацияны күшейту және бекітілген мерзімдерді қатаң сақтау тапсырылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий