Бақытжан Бұқарбай: Айыппұлдан қорықпайтындар бар, «стритрейсинг» үшін жазаны қатаңдату керек
Баспагер, жазушы әрі саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай журналист Аман Тасығанға берген сұқбатында елдегі заңнаманы жетілдіру мәселесін көтерді. Ол, әсіресе, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу және Қазақстандағы айыппұл жүйесінің тиімділігіне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Саясаттанушының пайымдауынша, қоғамда туындаған әрбір жаңа кейсті мұқият зерделеп, заң талаптарын уақыт ағымына сай ұдайы жетілдіріп отыру қажет.
«Біріншіден, 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу қажет. Бұл бастаманы кез келген ата-ана қолдайды деп ойлаймын. Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені телефондар мен гаджеттер ұрпақтың зейінін нашарлатып, басқа да пайдалы дағдыларынан айырып жатыр. Екінші мәселе — Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы оқиға. Біздің заңнама қатып қалған догма емес. Өмір өзгерген сайын жаңа құбылыстар мен жаңа кейстер қалыптасады. Демек, соған сәйкес заңды да ұдайы жетілдіріп, толықтырып отыру қажет», — деді Бақытжан Бұқарбай.
Бұдан бөлек, баспагер Қазақстандағы айыппұл көптігі мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, айыппұлдың өзіндік тиімді әрі тиімсіз тұстары бар. Мысалы, қалталы азаматтар материалдық жауапкершіліктен қорықпағандықтан, көлікпен көше жарысын ұйымдастыруды тоқтатпауы мүмкін.
«Әл-Фараби даңғылындағы жағдайға тоқталсақ, бұлар — айыппұл төлеуден қорықпайтын адамдар. Олар жылдамдықты шамадан тыс асырды. Жылдамдық асырғаны үшін төлейтін айыппұл көлемі алғашқы аптадағы жеңілдікпен небәрі 20-30 мың теңгені құрайды. Мұндай сома қалталы азаматтар үшін түк емес. Бұл жерде мүлдем басқа заң қабылдау керек, өйткені олар ақшалай жазаны елемейді. Олар әдейі «адам еземін» деп ойламағанымен, мұндай көше жарысының, яғни «стритрейсингтің» адам өліміне әкеп соғу ықтималдығы өте жоғары. Сондықтан бізге заңды қатайтып, «стритрейсинг» үшін тек айыппұлмен құтылмайтындай бөлек, қатаң жаза тағайындау керек. Қазір үш адамның өліміне әкеп соққан сол қылмыс үшін кінәлілер 10 жылға сотталды. Осындай қатаң жаза берілгенде ғана олар қорқады. Тек айыппұлмен шектелсек, ақшасы бар адамдар көшеде жарыс ұйымдастыруын тоқтатпайды. Дегенмен, жалпы алғанда айыппұл — өте қажет нәрсе. Ол болмаса, қоғам бетімен кетеді. Бұл — кез келген мемлекетке тән құбылыс. Мысалы, көлікпен жүрген кезде мені айыппұл мәселесі алаңдатпайды, себебі мен ережені бұзбаймын. Қазіргі қатаң заңдар қабылданғанға дейін қауіпсіздік белдігін тағу да қатаң бақыланбайтын еді. Камералар жоқ кезде ереже бұзушылар жиі кешірілетін. Студент кезімде көлікке отырғанымда, үлкен кісілердің: «Тақпай-ақ қой, отыра бер» дейтіні есімде. Адамның бойында ішкі мәдениет болса, бұл мүлдем проблема емес. Жылдамдық шектеуі 60 км/сағ болса, ол 60-пен жүреді. Әрине, рұқсат етілген жерде 65 км/сағ жылдамдықпен де жүруге болады», — деді саясаттанушы.
Сондай-ақ ол айыппұл салумен қатар, бас бостандығынан айыру жазасын да қатаңдату қажеттігін атап өтті. Себебі жол-көлік оқиғалары адамды өмір бойына мүгедек етіп қана қоймай, кісі өліміне де әкеп соғуы мүмкін.
«Идеология мен жазалау тәсілдері қатар жүруі керек. Қазір билбордтарда да, метродағы экрандарда да жол ережесіне қатысты, әсіресе каникул кезінде балаларды «жолға қарап, мұқият болыңдар» деп шақыратын әлеуметтік роликтер көптеп көрсетіліп жатыр. Яғни, бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап тұрған жоқ. Алайда үгіт-насихат пен заң талаптары қатар жүргені жөн. Себебі саналы түрде заңға бағынатындармен қатар, заңды аттап өтуді ерлік санайтындар да бар. Олармен қалай күресеміз? Мен әке ретінде, бала тәрбиелеп отырған адам ретінде әрдайым уайымдаймын. Қалада көлік қозғалысы өте қауіпті болғандықтан, балаларымды алысқа жіберуге қорқамын. Оларды скутер, мопед немесе самокат қағып кетуі әбден мүмкін. Жақында бір қызды самокат қағып кетіп, мүгедектік арбасына таңылғаны туралы жарнаманы көрдім. Емделуіне садақа ретінде бір рет қаражат аудара саларсың, бірақ аяқ астынан өмір бойы мүгедек болып қалу — өте үлкен проблема. Сондықтан жауапкершілігі жоқ мұндай адамдармен қалай жұмыс істеу керек? Үгіт-насихат әсер етпесе, айыппұл салу қажет. Ал егер адамның денсаулығына зиян келсе, жаза айыппұлмен шектелмей, әлдеқайда қатаң болуы тиіс», — деді Бақытжан Бұқарбай.
Сұқбат барысында ол Сингапурдың айыппұл салу тәжірибесіне де тоқталып өтті. Саясаттанушының айтуынша, айыппұл түрлерінің көптігі мен жазаның қатаңдығы бұл елде темірдей тәртіп пен тазалықты қалыптастыруға септігін тигізген.
«Латын тілінде «Dura lex, sed lex» («Заңның аты – заң») деген нақыл сөз бар. Оған бағыну міндетті. Мысалы, Сингапур айыппұл жүйесінің арқасында дамыған елге айналды. Бізді кейде «Штрафстан» деп жатады, бірақ нағыз штрафстан — Қазақстан емес, ол — Fine City. Мұндағы «fine» сөзі әрі «жақсы мемлекет», әрі «айыппұл» дегенді білдіретін сөз ойыны. Сингапур өзін «Fine State» деп атайды. Ол жақтағы ең төменгі айыппұл көлемі — 500 доллар. Мен Сингапурге барарда ережелерімен мұқият танысып бардым. Елге сағыз алып кіруге, оны шайнауға қатаң тыйым салынған. Тексеру кезінде тіпті ашылмаған сағыз табылса да үлкен айыппұл арқалайсыз. Осы қатаң талаптардың арқасында елде мінсіз тазалық орнаған. Тазалықты басқаша қалай түсіндіруге болады? Бізде көшеде кетіп бара жатып, көлік терезесінен насвай түкіретіндер немесе қақырынатындар бар. Мәдениетті адам онсыз да бұлай жасамайды. Демек, бұған баратындар — үгіт-насихат пен жұмсақ күшті түсінбейтіндер. Мектепте де, отбасында да айтылды, мемлекет те жағдай жасады, бірақ еш нәтиже жоқ. Ендеше, ондайларды тек айыппұлмен тәрбиелеу керек. Мәселеге осы тұрғыдан қараған абзал», — деді баспагер.
Бақытжан Бұқарбай деген кім?
Бақытжан Бұқарбай — қазақ әдебиетіне нон-фикшн жанрын алғаш болып әкелген танымал қаламгер, баспагер, саясаттанушы және суретші. Ол 1987 жылғы 27 наурызда дүниеге келген әрі қоғамда үлкен сұранысқа ие AmalBooks баспасының негізін қалап, бүгінде оны табысты басқарып келеді.
Оның кәсіби білімі мен ғылыми ізденістері тікелей саясаттану саласымен байланысты. Бақытжан Бұқарбай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аталған мамандық бойынша бакалавриатты 2009 жылы тәмамдап, 2011 жылы дәл осы оқу орнында әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін қорғады. Еңбек жолын 2009 жылы «Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығы» вице-президентінің көмекшісі ретінде бастаған ол көп ұзамай медиа және сараптама саласына ауысты. Мәселен, 2009-2011 жылдар аралығында «Хабар» агенттігінде бейнематериалдар мен интернет-жобалар бойынша редактор, ал 2009-2010 жылдары «Vox Populi» журналының шолушысы болып қызмет істеді. Сонымен қатар 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) ғылыми қызметін өрістетті. Мұнда ол алдымен ғылыми қызметкер, 2012-2013 жылдары әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, ал 2013-2014 жылдары аға ғылыми қызметкер міндеттерін атқарды. Бұдан кейінгі жылдары да түрлі жауапты позицияларда көрінді: 2014 жылы «Оңтүстік Астана» телерадио компаниясы» АҚ арнайы жобалар редакциясында әлеуметтік жобалар редакторы, 2015 жылы Ақтау қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі және Алматы қаласының «Ақпарат және талдау орталығында» әлеуметтанулық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі болды. Оның медиа саласындағы елеулі белестерінің бірі — 2020-2023 жылдары Forbes Kazakhstan журналының қазақ тіліндегі нұсқасының тұңғыш бас редакторы лауазымын атқаруы.
Қаламгер ұлттық құндылықтар мен қазақ тілін дамытуға да елеулі үлес қосып келеді. Мәселен, оның жетекшілігімен 2014-2018 жылдары жұмыс істеген, өзіндік оқыту әдістемесі бар «BAS QOSU» жобасы аясында оннан астам шет мемлекеттің азаматтарын қосқанда, мыңнан астам адам мемлекеттік тілді меңгеріп шықты. Сонымен қатар ол 2016 жылдан бері «AmalBooks» баспа үйін басқарып, отандық кітап нарығының өркендеуіне ықпал етуде.
Бақытжан Бұқарбайдың авторлық шығармашылығы әр жылдары жарық көрген мазмұнды кітаптармен толыққан. Олардың қатарында «Алматы сегодня» (2010), «Қарулы қақтығыстардағы ақпараттық технологиялар: әлемдік тәжірибе және келешегі» (2012), «Қазақстан—2050» терминологиялық анықтамалығы (2014) сияқты зерттеу еңбектері бар. Ал 2016 жылы шыққан «Күміс кітап» туындысы қазақ тіліндегі тұңғыш нон-фикшн шығарма ретінде тарихқа енді. Одан бөлек, оның қаламынан «Настольная книга казахского бизнесмена» (2018), «Күнкөрістен кет, байлыққа жет!» (2018), «Prezident» (2020), «Қарызсыз қазақ» (2020), «Бір жылда қалай баспаналы болдым?» (2022) және «Марғұлан. Бизнес пен өмір туралы» (2023) сияқты танымал еңбектер туды. Ол өзін суретші ретінде де танытып, екі рет жеке көрмесін ұйымдастырды: 2014 жылы Алматыда «Өмір шеңбері» атты тұңғыш жеке көрмесі, ал 2015 жылы Шұбаркөл көмір кен орнының 30 жылдығына арналған графикалық жұмыстарының көрмесі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында көрерменге жол тартты.
Елеулі еңбектері үшін Бақытжан Бұқарбай көптеген беделді марапаттарға ие болды. Ол журналистика саласындағы «Нұр Сұңқар» республикалық сыйлығының (2013) және баспа, радио, интернет-медиа жетістіктері үшін берілетін ұлттық «URKER» сыйлығының (2021) лауреаты. Қазақстан Республикасы Президентінің атынан екі мәрте (2012, 2022) Алғыс хат алған. Сондай-ақ ҚСЗИ-дың 25 жылдық мерекелік медалімен (2018), елдегі бейбітшілік пен бірлікті нығайтқаны үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» медалімен және «Халық алғысы» медалімен (екеуі де 2020 жылы), сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2026) наградталған.
Тұлғалық сипатына тоқталсақ, ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Отбасылы, жарымен бірге екі қыз тәрбиелеп өсіруде. Бос уақытында эррористикамен шұғылданады, яғни авторлардың қолтаңбасы қойылған сирек кітаптар мен автографтар жинауды ұнатады. Ал оның кәсіби әрі ғылыми қызығушылық аясы креативті индустрияларды зерттеуге бағытталған.
Соңғы жаңалықтар