Павлодарда кәсіпкерді аса қатыгездікпен өлтірген ер адам сотталды

29.09.2026 • 17:47 Әсел МҰРАТ
Павлодарда кәсіпкерді аса қатыгездікпен өлтірген ер адам сотталды
232
Фото: ашық дереккөз

Павлодарда 52 жастағы кәсіпкер Асұлан Нұрмағамбетовты өлтірген азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы марқұмды аңшылық пышақпен 22 рет жарақаттаған, деп хабарлайды Politico.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, Асұлан Нұрмағамбетов 2025 жылы 21 ақпанда жоғалып кеткен. Сол күні шамамен сағат 18:55-те ол сотталушымен кездескен. Кездесу барысында ер адам жәбірленушіге 84 млн теңге қарызын қайтара алмайтынын айтып, уақыт сұраған.

Кейін екеуі гаражға барған. Сол жерде қарыз мәселесіне байланысты жанжал туындаған. Сот нұсқасына сәйкес, сотталушы кәсіпкерді өлтіру туралы шешім қабылдап, аңшылық пышақпен оған 22 рет соққы жасаған. Жәбірленуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыс жасағаннан кейін сотталушы серіктесінің көлігін гаражда қалдырып, Ресейге қашып кеткен.

Іс Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Ер адамға адамды аса қатыгездікпен қасақана өлтірді деген айып тағылған.

Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан. Сот оның асырауында кәмелетке толмаған екі баласы бар екенін және істі ауырлататын мән-жайлардың болмағанын ескерді.

Нәтижесінде оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий