Бас прокуратура 2007 жылғы «Рахатгейт» ісі бойынша Асхат Дүйсеновке қатысты тергеуді аяқтады
Қазақстанның Бас прокуратурасы «Рахатгейт» ісі аясында Асхат Дүйсеновке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы оған адам ұрлау және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу айыбын тағып отыр. Бұл туралы Elmedia басылымы хабарлайды.
Асхат Дүйсенов – Алматы қалалық қаржы полициясының бұрынғы бастығы Мақсат Дүйсеновтің інісі. Кезінде Мақсат Дүйсенов Қайрат Қожамжаровтың оң қолы саналған. Енді оның інісіне жиырма жылға жуық уақыт бұрын болған қылмыс үшін айып тағылуда.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, күдіктіге қылмыстық топ құрамында ұрлық жасау және жалған құжаттарды пайдалану баптары да қосылған. Құқық қорғау органдары осылайша «Рахатгейт» деген атпен танымал істі қайта жандандырды.
Тергеу материалдарында 2007 жылғы 18 қаңтарда Асхат Дүйсеновтің Рахат Әлиевтің тобында болғаны көрсетілген. Бұл топ «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Тімралиев пен Асхат Дүйсеновті ұрлап әкеткен. Қылмыстың негізгі мақсаты «Кен-Дала» бизнес орталығы мен банк акцияларын иемдену болды деп көрсетіледі.
Жәбірленушілерді Рахат Әлиевтің резиденциясындағы монша-спорт кешеніне апарған. Онда оларды бір тәулік бойы ұрып-соғып, активтері мен мүлкін беруге мәжбүрлеген. Басылымның ақпаратынша, сол кезде Асхат Дүйсенов Рахат Әлиевтің моншашысы қызметін атқарған.
2007 жылдың күзінде «Рахатгейт» бойынша сот басталған кезде, ол жауапкершіліктен құтылып кеткен. Ресми нұсқада оның денсаулығына байланысты шетелде, яғни Біріккен Араб Әмірліктерінде немесе Түркияда болғаны айтылды.
Алайда сол кезде оның құтылуына ағасы Мақсат Дүйсеновтің ықпалы тиді деген бейресми әңгімелер тараған. Ол уақытта Мақсат Дүйсенов Атырау облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары еді. Ол бауырын босату үшін жергілікті кәсіпкерлерден шамамен $1 млн жинады деген қауесет болған.
Қазіргі іс аясында күдіктіге жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті ұрлаумен айналысқан топқа қатысты деген айып та тағылып отыр. Асхат Дүйсенов былтыр шілде айында қамауға алынған болатын.
Журналистердің дерегінше, оның атына бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны жазылған. Сондай-ақ оның есепшоты арқылы 15 млрд теңге өтіп, кейін шетелге шығарылған. Бұл сома сол кездегі бағаммен $70-80 млн көлеміне тең. Бұл эпизодтың қазіргі тергеуге қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
Ал Мақсат Дүйсеновтің өзі ARGA YouTube-арнасының эфирінде інісінің кепілде отырғанын мәлімдеді. Сонымен бірге, ол Elmedia басылымын Қазақстан билігімен ынтымақтасады деп айыптаған.
Кейбір ақпарат көздеріне қарағанда, Мақсат Дүйсеновке қатысты да жаңа іс тергеліп жатыр. Ол Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельмен бірге өзге атышулы іс барысында азаптау қолданды деп күдікке ілінген.
Соңғы жаңалықтар