Башар Асад Мәскеуде: Ресей Сирия президентіне пана берді
Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад Мәскеуге келіп, Ресейден пана тапты. Бұл туралы ТАСС және басқа да ресейлік ақпарат құралдары 8 желтоқсан күні Кремльдегі дереккөзге сүйеніп хабарлады, деп хабарлайды POLITICO.KZ, Азаттық Радиосы сайтына сілтеме жасап.
ТАСС агенттігі Асадтың үй-ішімен бірге Ресейге келгенін және оған гуманитарлық негізде пана берілгенін мәлімдеді. Асадты ресми түрде "бұрынғы президент" деп атағанымен, оның президенттік өкілеттігін тоқтатқандығы туралы ресми хабарланбаған.
Дамаскіде Башар Асадтың резиденциясын оппозициялық күштер басып алғаннан кейін, Сирияның билігі қарулы оппозицияның қолына өтті. Қараша айында ғана Асад әскері ел аумағының көп бөлігін бақылауда ұстаған болатын. Енді оппозициялық топтар Сирияның жаңа Конституциясы мен сайлауын әзірлеуге дайындықты бастауға ниетті.
Башар Асадтың Мәскеуге қалай жеткені туралы әртүрлі ақпараттар бар. Бір деректер бойынша, ол Хмеймим әуе базасынан ұшып шыққан ресейлік Ил-76 ұшағымен келген. Бұл ұшақ рейсі кезінде радардан жоғалып кетіп, "ұшақ апатқа ұшырады" немесе "атылды" деген қауесет тараған еді.
Ресей сыртқы істер министрлігі Асадтың оппозициямен келіссөздер нәтижесінде елден кетуге келіскенін растады. Сонымен бірге, Мәскеу Сирияның жаңа билігімен өзара қарым-қатынас орнатуға және Ресейдің әскери базалары мен дипломатиялық өкілдіктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.
Башар Асадтың Сириядағы билігі 24 жылға созылды. Оның режимі кезінде бірнеше азаматтық соғыс пен қанды оқиғалар орын алған. Асадты қарсыластары бейбіт тұрғындарды өлтіргені үшін айыптаған болатын.