«Батыл әрі жедел әрекет ету қажет»: Тоқаев түркі елдерінің ішкі істер министрлеріне маңызды мәлімдеме жасады

10.09.2026 18:14 Қарақат АСЫЛОВА
«Батыл әрі жедел әрекет ету қажет»: Тоқаев түркі елдерінің ішкі істер министрлеріне маңызды мәлімдеме жасады
289
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің құқық қорғау органдары басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесу ТМҰ Ішкі істер министрлері кеңесінің отырысы қарсаңында өтті. Жиынға Әзербайжанның ішкі істер министрі Вилаят Эйвазов, Қырғызстанның ішкі істер министрі Ұлан Ниязбеков, Түркияның ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи, Өзбекстанның ішкі істер министрі Азиз Ташпулатов және Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов қатысты.

Мемлекет басшысы түркі елдері арасындағы ынтымақтастықтың жыл санап нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бауырлас мемлекеттерді ортақ тарихи мұра, жақын тілдер мен дәстүрлер және өзара мүдделер байланыстырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының елдер арасындағы достықты нығайтуға қосып отырған үлесі зор екенін айтып, Қазақстан үшін ұйыммен жан-жақты байланысты тереңдету маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді.

Президент құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың да маңызы артып келе жатқанын айтты. Әсіресе әлемде ауқымды өзгерістер жүріп, жаңа қауіп-қатерлер пайда болған кезеңде мұндай ынтымақтастықтың өзектілігі жоғары.

«Егер біз өркендеген мемлекеттердің қатарында болып, прогресс жолымен жүруді қаласақ, батыл әрі жедел әрекет етуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық жағдайдың тұрақсыз әрі болжап білуге қиын болып отырғанын атап өтіп, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейту қажеттігін айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий