Батыс Қазақстанда халықты балағаттаған, аферистке теңеген шенеуніктер жауапқа тартылды

12.12.2025 16:05 Арман Ермеков
Батыс Қазақстанда халықты балағаттаған, аферистке теңеген шенеуніктер жауапқа тартылды
0
267
Сурет Gemini арқылы жасалған

Батыс Қазақстан облысында жұмыс уақытында дөрекілік танытып, тұрғындарға тіл тигізген мемлекеттік қызметшілер жауапқа тартылды. Әдеп жөніндегі кеңес жұмыстан шаршадым деп ақталған басшы мен ауыл тұрғынын алаяққа теңеген әкімнің ісін қарады, деп хабарлайды Politico.kz порталы Ақжайық телеарнасына сілтеме жасап.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті ұйымдастырған жиында белгілі болғандай, жыл басынан бері өңірде қызметтік этиканы белден басқан 18 шенеунік тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Соңғы отырыста екі лауазымды тұлғаның әрекеті қызу талқыға түсті.

Бірінші даулы оқиға Бәйтерек ауданында тіркелген. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Баяхатов қабылдауына келген азаматпен сөйлесу барысында эмоциясын тізгіндей алмай, балағат сөздер айтқан. Жерге орналастыру жобасын келісуге келген тұрғын шенеуніктің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан сәтін бейнетаспаға түсіріп алып, тиісті органға шағымданған.

Кеңес алдында Баяхатов кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады. Ол өз әрекетін жұмыс жүктемесінің тым ауырлығымен түсіндіруге тырысты.

«Бөлімде үш орын бос тұр, екі маман ғана жұмыс істейміз. Есепшінің жоқтығына үшінші жыл болды. Барлық жерге үлгеруге тырысып жатырмыз», – деп ақталды бөлім басшысы.

Алайда, департамент басшысы және Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов кадр тапшылығы мәселесі бар екенін растағанымен, бұл мемлекеттік қызметшінің былапыт сөз айтуына ақтау бола алмайтынын қатаң ескертті. Нәтижесінде кеңес мүшелері Артур Баяхатовқа қатаң сөгіс жариялау туралы шешім қабылдады.

Екінші оқиға Бөрлі ауданының Пугачев ауылдық округінде орын алған. Ауыл әкімі Мереке Ізтелеуов жергілікті тұрғынды "аферистке ұқсайды" деп айыптаған.

Оқиғаның мән-жайы былай өрбіген: ауыл тұрғыны шағын қаржы ұйымынан несие алып, оны уақытылы қайтармаған. Ең қызығы, ол құжат толтырғанда жұмыс орны ретінде әкім аппаратын көрсеткен көрінеді. Қарыз өтелмеген соң, коллекторлар әкімдікке хабарлама жіберген. Ашуға булыққан әкім әйелдің анасы мен әпкесіне хабарласып, эмоция үстінде оны алаяққа теңеген.

Кейіннен Ізтелеуов қателігін түсініп, тұрғыннан жеке кездесуде кешірім сұраған. Бірақ жәбірленуші мұнымен шектелмей, әкімнің ауылдық WhatsApp тобында жария түрде кешірім сұрауын талап еткен және бұл талап орындалған.

Бұған дейін қызметтік мінездемесі тек жағымды болған ауыл әкіміне кеңес мүшелері ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды жөн деп тапты.

Сонымен қатар оқыңыз, Халықты боқтаған әкім неге жұмыстан қуылмағаны белгілі болды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий