Бекболат Тілеухан: Сыртқы күштерге Қазақстанда бүлік шығару түк те қиын емес

10.08.2026 14:16 Томирис САҒЫНДЫҚ
Бекболат Тілеухан: Сыртқы күштерге Қазақстанда бүлік шығару түк те қиын емес
114
Фото: stan.kz сайтынан алынды

Қоғам қайраткері, дәстүрлі әнші Бекболат Тілеухан саяси жолының басталуы, мемлекеттік қызметтегі жылдары мен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен арадағы қарым-қатынасы туралы айтып берді. Ол сұхбатында партияға қабылдану кезеңі, саяси жүйедегі жағымпаздық құбылысы және геосаяси жағдайлардың ел ішкі саясатына әсері жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанға берген сұқбатында айтты.

«Президенттік оркестрдің көркемдік жетекшісі болдым. Ол кезде протоколмен қатар істейміз. Назарбаевтың протоколында Президенттік оркестрмен бірге Ұлттық ұланның құрамында жүрдім. Сол жерде күнде Президенттің көзіне түсіп жүргенімде, Мұхтар Кұл-Мұхаммед Сенаттан мәдениет министрі болып келді. Ол — өте табанды, отты, тістегенін жұлып алатын қасқыр азамат. Менің келісімімсіз-ақ Президентке кіріп: «Бекболатты комитет төрағасы етіп тағайындауға рұқсат беріңіз», — деп өтініш білдірді. Адам өзі ортасын таңдайды ғой, солай бұл салаға кірісіп кеттім. Маған «осы қызметті атқарасың» деді, «боласың ба, жоқ па» деп сұраған жоқ. Бұл жұмыс өзіме де қызық болып көрінгендіктен, бірден кірісіп кеттік», — деді Бекболат Тілеухан.

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан саяси карьерасының қалай басталғанын және партия қатарына қалай қабылданғанын еске алды. Ол 2004 жылы «Отан» партиясына кіру сәтін, кейіннен ұйым атауының «Нұр Отан» болып өзгеруіне қатысты өз көзқарасын білдіріп, билік төңірегіндегі жағымпаздық құбылысы жайлы пікір бөлісті.

«2004 жылғы 13 маусымда «Отан» партиясына кірдім. Бірден съездің үстінде сөз сөйлеп, партияға қабылдандым. Жай кірген жоқпын, Абайдың сөзін айтып кірдім: «Адам баласы тыныштықты қос қылсын, тыныштық келсе, жоқ-барды пысып, пәлситін болған қазақтың не сұмдығы бар? «Атамлап», «атаңның аруағы!» деп сүйенген досыңнан бір дұшпаның бір ат берсе, осы қазақ неге бұзыла қалады? Күнде тіліңді алатын досыңнан бір дұшпаның сәл азырақ бұйымтайыңды орындай салса, неге соның жолында өле-тала жаздайсың?» — деген Абайдың сөзін келтірдім. Сол кезде 38 жастағы жас жігітпін, қалауым да, қызығушылығым да болды. Сөйтіп партияға кіріп, көп ұзамай депутат болдым. Партия «Нұр Отан» болып өзгергенде, саясаттан хабарым аз еді.  Партия «Отан» болып қала берсе де болар еді. Алайда Президенттің атын қосып, жағымпазданғанда, кісі пенде ретінде сеніп қалды. Сол кезде мен: «Отанның нұрлысы немесе нұрсызы болмайды, «Отан» болып қала берсін», — деп Бейбітшілік сарайында ашық айттым. Ол кезде Президент Әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков еді. Бұл сөзіме Президент те ренжіп қалды. Мен ол кезде «елде демократия бар, халықтың ойын тыңдайды» деп сенген аңғал адам екенмін. Ал Назарбаевтың айналасындағы жағымпаздық жүйенің авторы жоқ. Ол — заңдылық. Абылай ханның да, Трамптың да, Си Цзиньпиннің де қасында жағымпаздар болған. Сенің қолыңа билік пен ақша тисе, қасыңа жағымпаздардың жиналуы — табиғи құбылыс. Қой сойғанда келетін жасыл шыбындар секілді заңдылық. Оның арнайы авторы болмайды», — деді қоғам қайраткері.

Қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси шешімдері мен мемлекет басқарудағы шектеулі мүмкіндіктері жайлы пікірін білдірді. Сұхбат беруші сыртқы саяси күштердің әсері, геосаяси жағдайлардың күрделілігі және қазіргі заманда халық бірлігін сақтаудың өзектілігіне тоқталды.

«Назарбаев менің бұл сөздерімді естіді. Ол кісі менің көп қателігімді кешірді. Себебі сол кездегі менің көзқарасым өзіміз жүргізіп жатқан саясатқа қайшы еді. Неге кешіргенін білмеймін. Бұны мансап үшін емес, шын жүрекпен, ел үшін айтып жүргенімді сезген болуы керек. Кемеңгер адам ғой. Мен оның орнында болсам, кешірер ма едім, білмеймін. Бірақ ол кісі мені кешірді. (...). Менің арам ойым болған жоқ, бәрін де шын жүректен жасадым. Ол менің қазақты жақсы көретінімді білді, себебі өзі де халқын жақсы көреді. Бірақ оның қолы байлаулы еді. Біз әлемдік үлкен саясаттың кішкентай бір бөлшегіміз әрі көптеген факторға тәуелдіміз. Жер бетінде АҚШ, Қытай, Ресей сияқты толық тәуелсіз 3-4-ақ мемлекет бар. Қалған елдердің бәрі де гигант мемлекеттерге белгілі бір дәрежеде тәуелді. Сондықтан солардың ығына қарай отырып саясат жүргізу — оңай шаруа емес. Біз оны түсінбей, «бәрі де бір адамның қолында» деп ойладық. Ал іс жүзінде олай емес. Қазақстан сияқты мемлекетте бүлік шығару сыртқы күштерге түк те қиын емес, ол кез келген уақытта болуы мүмкін. Кез келген уақытта аяғың аспаннан келуі мүмкін. Бұл шындықты мен өте кеш, 2011-2012 жылдары барып түсіндім. Себебі көбімізде теориялық білім мен тарихнамалық ғылымдар деңгейіндегі терең талдау жетіспейді. Тек өз айналамызға қарап баға береміз. Ал геосаяси масштабта қарайтын болсақ, қазақ халқының мемлекет болып отырғанының өзі — Үлкен Бақ, Жаратқанның бізге берген сыйы сияқты. Кезінде де, қазір де ел басшысының атқарып жатқан ауқымды жұмыстарын, арман-мақсаттарын халық та, айналасындағылар да кейде түсінбей жатады. Барлық мәселені бір адамға таңа салғымыз келеді. Оны халыққа дұрыс түсіндіретін зиялы қауым мен элитаның деңгейі де белгілі. Бастысы — елдегі бірлік. Қазіргідей алмағайып заманда халықтың бірлігі ауадай қажет. Ал сол бірлікке өнер де, домбыра да қызмет етеді. Сондықтан әрбір азамат өзінің миссиясын терең түсінуі керек», — деді Бекболат Тілеухан.

Войдите, чтобы оставить комментарий